«Ізгілік қаласы»: Яна Богова жобасы Петропавлдық балаларға ауыр дерттерді жеңуге қалай көмектесті

Петропавл тұрғындарына әнші әрі ақын Яна Богованың есімі ерекше таныс. Әсіресе, оның қайырымдылық концерттері өмірін сақтап қалған балалар үшін Яна есімі аса қымбат. Әнші QZ News тілшісіне «Ізгілік қаласы» жобасының тарихын айтып, өнердің шынымен де ем болатынын түсіндірді.
Яна Богова денсаулық мәселесімен алғаш рет бала кезінде бетпе-бет келген. Өзі мойындағандай, ол өте әлсіз, ауырушаң бала болған. Сол кезде оған қол ұшын созған мейірімді жандарды әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады. Сол кездері кішкентай Янаға көмек көрсетуге адамдар ешқашан бейжай қарамаған. «Неліктен қайырымдылықпен айналысып жүрсіз?» деген сұраққа әнші дәл осы жеке тәжірибесін еске алып жауап береді.

«Адамдарға көмектескім келді. Маған барлық көршілерім, барлық жақындарым көмектескен. Кейін менің көмекке мұқтаж ұлым дүниеге келді – және бізге тағы да адамдар қолдау көрсетті», – дейді Яна.
Ол ауырған балаларға көмектесуді өзінің борышы деп санайды. Қайырымдылыққа жақындығын белгілі тегі– атасы берген «Боговамен» де байланыстырады.
«Бұл фамилияға лайық болу керек. Берешегімді қайтаратын кез келді. Мен ән жазып, оларды адамдардың өміріне арнаймын деп шештім. Сол арқылы қолдан келгенше көп баланы құтқарғым келеді», – дейді ол.
«Ізгілік қаласы» жобасы 2011 жылы пайда болған идеядан бастау алған. Жобаның үлкен тарихы «Park City» залын жалға алудан басталды. Яна Богова Петропавлда қайырымдылық концерттерін өткізе бастаған алғашқы өнерпаздардың бірі болды. Ол кезде шығармашылық кештер үш айда бір рет тұрақты ұйымдастырылып отырған. Содан бері бұл – дәстүр.

«Менде арнайы қор жоқ. Жобаны «Ізгілік қаласы» деп атадым, себебі мұқтаж балаларға көмектесу үшін адамдарды жұмылдырғым келді. Алғашында жүрек ақауы бар балаларға көмектестім, кейін онкология, балалар үйлері қосылды. Ән жазып, әртістерді шақырып, концерттер өткіздік. Бірден алты баланы патронажға алдым», – дейді спикер.
Айта кетейік, 12 қарашада облыстық филармонияда Максим Фоотқа арналған кезекті қайырымдылық концерті өтті. Бұл шығармашылық кештің бастамашысы – Яна Богова мен Олеся Малиновскаяның «Северняки» дуэті. Естеріңізге сала кетейік, сол кеште жас жігіттің сирек әрі агрессивті дерті – Юинг саркомасына қарсы күрес үшін 1 600 300 теңге жиналды.
«Пандемия алдында, 2020 жылы, қатарынан екі концерт өткізгеніміз есімде. Екі қыз да онкологиямен ауырған еді, екеуі де сауығып кетті. «Ізгілік қаласы» жобасына қатысқан балалардың барлығы қазір жақсы. Сондықтан Максим де міндетті түрде жазылып кетеді деп сенемін», – дейді Яна.

Әрбір қайырымдылық кеші – петропавлдықтардың бірлігінің үлгісі. Әр концерт – «Ізгілік қаласының» көрінісі. Өнер емдейді, сонымен қатар балалардың ауыр дертті жеңуіне күш береді.
