Петропавлда футболды дамыту перспективалары талқыланды

Петропавлда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Мунмен кездесті. Тараптар өңірдегі футболды дамыту, спорт резервін даярлау, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және федерациямен одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады QZ NEWS.
Өңірде футболмен 23,8 мың адам айналысады. Балалар мен жастар үшін бұл спорт түрінің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы бес жылда облыста жасанды жабындысы бар 130 футбол алаңы салынды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тағы 43 шағын футбол алаңын салу жоспарланған. Оның 35-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді.
Ірі футбол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Петропавлдағы «Қарасай» стадионын қайта жаңғыртудың екі кезеңі аяқталды. Қазір 5 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионының, сондай-ақ екі стандартты алаңы және 100 орындық жатақханасы бар футбол академиясының жобасы әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, «Қызылжар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арналған жабық спорт манежі салынуда.
Кездесу барысында «Қызылжар» футбол клубын дамытуға және жас футболшыларды даярлауға да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда клубтың футбол орталығында 300-ден астам бала жаттығады.
