Құтқарушылар Петропавлдағы көпқабатты үйлерге арнайы техниканың кіру мүмкіндігін тексерді

Петропавлдағы «Қызыл Жар» тұрғын үй кешенінде ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Мамандар 12 қабатты тұрғын үйдің 7-қабатында шартты түрде өрт шыққан кездегі іс-қимылдарды пысықтады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – төтенше жағдай кезінде қызметтердің дайындық деңгейін тексеру. Алайда жаттығу барысында арнайы техниканың оқиға орнына уақытылы жетуіне және тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бірқатар мәселелер анықталды.
Атап айтқанда, құтқарушылар аулалардағы көліктердің ретсіз қойылуына байланысты қиындықтарға тап болды. Кейбір автокөліктер арнайы техниканың жүріп өтуіне кедергі келтіретін жерлерге қойылған. Сонымен қатар, жүргізушілердің барлығы бірдей өрт сөндіру көлігіне жол бере бермейтіні анықталды.
Жедел әрекет етуге жабық қақпалар, шлагбаумдар және көліктің қозғалысын шектейтін түрлі құрылымдар да кедергі келтіреді.
Бұдан бөлек, тексеру барысында ғимараттың өзінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, баспалдақ алаңдары, сатылы өткелдер мен балкондар жанғыш материалдарды сақтау үшін пайдаланылған. Сондай-ақ қабырғалар мен төбелерді қаптауда жанғыш материалдардың қолданылғаны тіркелді.
