Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «World Clean Up Day»: СҚО ТЖД мен басқарма қызметкерлері Петропавлдағы Жеңіс саябағын тазалады

«World Clean Up Day»: СҚО ТЖД мен басқарма қызметкерлері Петропавлдағы Жеңіс саябағын тазалады

September 19, 2026 13:46

 

Петропавлда облыстық басқармалар мен СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Дүниежүзілік тазалық күні – «World Clean Up Day» аясында ұйымдастырылған ауқымды экологиялық акцияға қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі. Қатысушылар саябақ аумағына көшет отырғызып қана қоймай, айналаны қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.

СҚО ТЖД бастығының орынбасары Кирилл Иванниковтың айтуынша, ведомство қызметкерлері жалпыұлттық бастамаға Петропавлда ғана емес, өңірдің барлық аумағында атсалысқан. Акцияға шамамен 500 адам қатысты.

«Біздің бөлімшелер көшет отырғызу жұмыстарына белсенді қатысуда. Оның ішінде қылқан жапырақты ағаштармен қатар, алма, шетен және қайың көшеттері де отырғызылуда. Көшеттер саябақтар мен скверлерге егілуде. Ал Жеңіс саябағында 30-дан астам қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Облыс аудандарында 300-ден астам көшет егілді. Мұнда жауынгерлік кезекшілікте тұрған қызметкерлерден басқа, барлық мамандар жұмылдырылды», – деді Кирилл Иванников.

Көгалдандыру жұмыстарымен қатар, құтқарушылар табиғи аумақтардың экологиялық жағдайына да ерекше назар аударды. СҚО ТЖД қызметкерлері Есіл өзенінің жағалауында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.

Экологиялық акцияға СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ұжымы да толық құрамда қатысып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарын абаттандыруға өз үлестерін қосты.

Shares