Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Жол, су және жарық: «Әділет» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы СҚО-ның Жамбыл ауданында болды

Жол, су және жарық: «Әділет» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы СҚО-ның Жамбыл ауданында болды

September 18, 2026 13:39

 

«Әділет» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы Жамбыл ауданында өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Буденное, Пресновка, Калиновка, Нұрымбет және Чапаев ауылдарының тұрғындары жергілікті деңгейде шешуді қажет ететін мәселелерді көтерді. Олардың қатарында ауыз сумен қамту, жолдардың жағдайы, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелері бар.

Әсіресе Буденное ауылында сумен жабдықтау мәселесі өзекті. Мұнда әлі күнге дейін орталықтандырылған су құбыры жоқ. Тұрғындар терең ұңғымадан алынатын суды пайдаланады. Ауылдағы 165 ауланың 92-сі орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған.

Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. 2025 жылы тұрғындардың өтінішінен кейін су резервуары тот пен ластанудан тазартылған. Алайда ауылды толыққанды сумен қамтамасыз ету мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ.

Қарастырылып отырған нұсқалардың бірі – суды басқа елді мекеннен жеткізу. Ол үшін шамамен 38 шақырым су желісін тарту қажет. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген.

«Қазір Буденное үшін сумен жабдықтаудың қай нұсқасы тиімді екенін және оны жүзеге асыруға қанша қаражат қажет болатынын анықтау маңызды. Әзірге жоба жоқ, сондықтан нақты мерзімдер туралы айтуға әлі ерте. Тұрғындардың өтінішін тіркедік. Енді қандай шешімдер ұсынуға болатынын және жобалау жұмыстарын бастау үшін не қажет екенін анықтаймыз»,- деді “Әділет” партиясы СҚОФ төрағасы Қалия Туренова

Жол мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Буденное ауылында жолға орташа жөндеу жүргізу қажет болса, Калиновкада шұңқырларды жөндеу керек. Ал Нұрымбет тұрғындары ұзындығы 2,4 шақырым кірме жолға қиыршық тас төселуін күтуде. Бұл жұмыстарды қаржыландыру жергілікті бюджеттен қарастырылған.

Чапаев ауылында көлдердің жайылу аймағындағы жолдың проблемалы учаскесі сөз болды. Су тасқыны кезінде бұл жерден көлік қатынауы қиындайды. Сондықтан ауыл тұрғындары жол төсемін күшейтуді ұсынып отыр.

Пресновка тұрғындарын қосымша көшені жарықтандыру және IT-орталық ашу мәселелері алаңдатады.

Барлық өтініш мобильді қоғамдық қабылдаудың арнайы тізіліміне енгізілді. Әр мәселе бойынша алдағы іс-қимыл жоспары айқындалған. Олардың қатарында техникалық шешімдерді нақтылау, қолданыстағы жобалық құжаттаманың жай-күйін тексеру, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау және қаржыландыру көздерін іздеу бар.

Shares