Ономастика мәселелері: Петропавлда тарихи атауларды қайтару мәселесі талқыланды

Петропавлда ономастика мәселелеріне арналған ғылыми-тарихи конференция өтті. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған жиынға Солтүстік Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар, тіл мамандары, өлкетанушылар, қоғам белсенділері және басқа да сала өкілдерінен құралған 120-дан астам адам қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Қатысушылар географиялық атаулардың тек көшелердің, елді мекендердің немесе басқа да нысандардың атауы емес екенін атап өтті. Оларда өткен тарихи оқиғалар, белгілі тұлғалардың есімдері, мәдени ерекшеліктер мен өңірдің тарихи жолы көрініс табады. Сондықтан ономастика саласындағы жұмыс тарихи жадыны сақтаумен тікелей байланысты.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі СҚО филиалының басшысы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, кездесудің негізгі міндеттерінің бірі – тарихи жадыны жаңғырту мәселелерін талқылау.
«Бұл конференцияның басты мақсаты – тарихи жадыны жаңғырту. Сонымен қатар біздің өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген деп саналатын атаулар әлі де бар. Конференция барысында осы атауларға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны талқыланады», – деді ол.
Өз кезегінде белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім ғылыми зерттеулердің практикалық тұрғыда жүзеге асырылуы қажеттігіне назар аударды.
«Зерттеулер нақты іске ұласуы маңызды. Тарихи деректер бұрынғы атауларды қайтаруға және тарихи тұлғалардың есімдерін мәңгі есте қалдыруға негіз бола алады. Ол үшін жүйелі жұмыс қажет», – деп атап өтті Дос Көшім.
Конференция барысында қатысушылар мәдени және тарихи мұраны сақтау мәселелерін де қарастырды. Тарихты зерттеуге және оны кеңінен насихаттауға, қазақ мәдениетін дамытуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға үлес қосып жүрген азаматтарға да ерекше назар аударылды.
