Ғалымжан Ильясов СҚО-да гаджеттер мен смартфон сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы айтты

СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын сату тәртібіне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жаңа талаптар ең алдымен сатып алушылардың құқықтарын қорғауға және гаджеттер нарығын ретке келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, телефон сатып алмас бұрын тұтынушы сатушыдан құрылғының сәйкестендіру кодын – IMEI нөмірін сұратуға құқылы. Оның мәртебесін imei.rfs.gov.kz ресми сервисі арқылы тексеруге болады. Егер құрылғы екі SIM-картаны қолдаса, әр IMEI кодын бөлек тексеру қажет. Ал тауар интернет немесе маркетплейс арқылы сатып алынған жағдайда, IMEI нөмірін соңғы төлемді жасамас бұрын сұратқан жөн.
Мамандар «Байланыс туралы» заңда қарастырылған өзге де маңызды талаптарды еске салды.
Жеке тұлға жеке пайдалануы үшін шетелден әкелген жылына екі құрылғыдан артық гаджетті верификациядан өткізе алмайды.
Маркетплейстердегі жауапкершілік. Егер верификациядан өтпеген гаджет сатылса, барлық талап сатушыға тікелей қойылады. Ал сауда алаңы серіктестерімен жасалған шартта құрылғы кодтарын тексеру туралы талаптың болуын қамтамасыз етуге тиіс.
Қайта рәсімдеу. Құрылғыны басқа адамға тұрақты пайдалануға берген жағдайда, оны белгіленген тәртіппен қайта рәсімдеу қажет. Абоненттер үшін гаджеттерді тегін тіркеу мүмкіндігі сақталады.
Егер тұтынушы верификациядан өтпеген құрылғы сатып алған болса, сатушыға жазбаша талап-арыз жолдап, тауарды ауыстыруды, бағасын төмендетуді немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Тұтынушылардың құқықтарын сақтау және тауар туралы қажетті ақпараттың берілмеуіне қатысты мәселелерді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің аумақтық бөлімшелері қарайды.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта верификациядан өтпеген құрылғыларды сату фактілері бойынша шағым түспеген.
