Өндіріс ардагері: СҚО тұрғыны Галина Лябухина өмірін радиобөлшек жасауға арнады

Таңғы сағат төртте тұру, қар басқан цех, мұздай су. Еңбек ардагері Галина Лябухинаның әр күні осылай басталатын. Күні бойы мыңдаған бөлшек соғу – әйел адамға тән емес іс секілді. Бірақ Галина Михайловна бұл пікірмен мүлде келіспейді. Ол өмірінің қырық жылға жуық уақытын зауыттағы жұмысқа арнаған.Ол зауыттағы күнделікті өмірі, өндірістік жарақаты және ұжымдағы ерекше міндеттері туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды QZ news тілшісі.
Бар-жоғы 18 жасында Галина еңбек жолын жұмысшы мамандығымен байланыстыруды шешті. Жас болса да, мақсаты айқын еді. 1957 жылы ол Киров атындағы зауыттың табалдырығын аттап, сол жерден өмір бойы кетпей еңбек етті.
Бәрі тағылымдамадан басталды. Оны штамптау ретінде қабылдап, тәжірибелі ұстаздың қасына оқуға жіберді. Таңдаған мамандығы бірден ұнады, ал үйрену көп уақыт алған жоқ. Еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында қажетті машықтарды тез меңгерді. Бірнеше айдың ішінде өзі де жас мамандарға үйретушіге айналды.

«Мен зауыттың ең ауыр цехтарының біріне түстім. Біз радиоқабылдағыштарға арналған бөлшектер шығардық. Кейде өте ұсақ, күрделі бөлшектер болатын. Күніне 8-10 мың бөлшек дайындайтынбыз. Басқа цехқа ауысуға мүмкіндік болды, бірақ мен зейнетке шыққанға дейін – 1997 жылға дейін – бір орында жұмыс істедім», – дейді Галина Михайловна.
Радиобөлшектерді штамптау – оңай іс емес. Бірақ Галина ешқашан қиындықтан қорыққан емес. Ол өз ісін жан-тәнімен сүйіп атқарды. Әйелдің айтуынша, сол кезде қол еңбегі жоғары бағаланатын әрі үлкен мәртебе саналатын. Әр бөлшек – зергерлік дәлдікпен жасалатын өнім. Ең жауапты жұмыстарды цехта дәл осы Галина Михайловнаға сеніп тапсыратын.
«Күрделі тапсырмаларды көбіне маған жүктейтін. Мысалы, күмістен бөлшек жасауды тек маған сеніп тапсыратын. Сондай-ақ темір, мыс, алюминийден де бөлшектер жасайтынбыз. Менің суреттерім құрмет тақтасында ілініп тұратын – зауытта да, ескі саябақта да. Жақсы жұмыс үшін жиі сыйақы алып тұрдым», – дейді ардагер.
Жұмысшы мамандығы – денсаулыққа үлкен салмақ және нағыз ерлік. Қиын жағдайларға қарамастан, Галина Михайловна ешқашан жұмыс орнын ауыстыруды ойламаған.
«Цех өте шулы әрі ауыр болды. Бөлшектерді майлау үшін мұздай жанармай, керосин қолдандық. Қолымызды тек суық сумен жуатынбыз. Қыста цехтың ішіне қар кіріп кететін – басымызға түсетін. Әрине, оңай болған жоқ… Бірақ өмір бойы сол жерде жұмыс істедім және еш өкінбеймін», – дейді ол.

Галина Михайловна не үшін еңбек еткенін жақсы білді – отбасына арнаған бар күшін. Зауытта ол – үздік жұмысшы, ал үйде – сүйікті жар мен қамқор ана еді. Үлкен жүктемені отбасылық іспен қатар алып жүру оңай болмаған. Балалары кішкентай кезінде тіпті 2-3 сағат қана ұйықтаған күндері көп болған.
Жолдасы Автооқыту комбинатында мұғалім болып істеген, жиі іссапарда жүретін. Сондықтан үй шаруасының бәрін өзі атқарған.
«Жұмысқа таңғы 7:30-да кіретінбіз, бір де бір рет кешіккен емеспін. Бірақ таңғы бесте тұратынмын. Күйеуім іссапарда жиі болатын – ауыл балаларына сабақ беретін. Таңертең тамақ дайындап, үйді жинап, балаларды балабақша мен бөбекжайға апарып үлгеруім керек еді. Түскі үзілісте де тек тамақ ішіп қана қоймай, балаларға барып, жағдайын білетінмін. Ауырып қалған күндері де жұмысқа шығатынмын. Себебі еңбек ақы істеген көлемге байланысты болды», – дейді Галина Михайловна.
Өндірісте жарақат алған кездері де болған. Бір жолы станоктан ұшқан ұсақ темір жаңқасы көзіне тиіп кеткен. Жарақаттан кейін біраз уақыт емделуге тура келді. Бірақ ол қайта оралып, бұрынғыдай жұмысын жалғастырды.
«Жарақат алдым. Станоктан жаңқа ұшып, көзіме кірді. Арнайы комиссия келіп, жағдайды тексерді – менің кінәм жоқ деп шешті. Ресми түрде жеңіл жұмысқа ауыстырды, бірақ мен бәрібір бұрынғыдай еңбек еттім. Күрделі тапсырма берсе, орындап жүрдім», – дейді ол.
Бүгінде Галина Лябухина – еңбек ардагері ғана емес, солтүстікқазақстандық жастар үшін үлгі. Еске сала кетсек, 2025 жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Мұндай еңбек тарихтары – жас ұрпаққа үлкен өнеге және басты ескерту: қол еңбегі әрқашан қадірлі, құрметке лайық.
