Петропавлда ақын Жарқын Жұпарханның шығармашылық кеші өтті

Петропавл қаласында белгілі айтыскер-ақын, мәдениет қайраткері және Е. Аскаров атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпарханның шығармашылығына арналған «Қызылжарым – Қызыр бағым» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Шараға ақынның туған-туыстары мен достары, өнер және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жылы атмосферада өткен кеш барысында Жарқын Жұпархан туған жері мен ата-анасына арналған жүрекжарды әндерін орындады. Сондай-ақ кеш аясында ақынның жаңа туындысы — «Шабыттың шаңқай түсінде» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Сахна төрінде ақынның әріптестері де өнер көрсетіп, оның өңір мәдениетіне қосқан үлесін айшықтайтын өлеңдер, әндер және күйлерді орындады.
Кештің арнайы қонағы — «AMANAT» партиясының саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев болды. Ол партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атынан ақынға құттықтау хат табыстап, құрмет белгісі ретінде шапан жапты.

Кеш соңында қатысушылар Жарқын Жұпарханға шығармашылық шабыт пен жаңа табыстар тіледі, сондай-ақ оның туған өлкенің рухани дамуына және ел мәдениетіне қосқан зор үлесіне алғыстарын білдірді.
