2026 жылы коммуналдық тарифтерде қандай өзгерістер болады

16 қазаннан бастап үкімет барлық тұтынушылар топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуін 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін тоқтатты. Осыдан кейін тарифтердің қалай өзгеретіні туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин түсіндірді, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, шектеу кезеңінде монополистердің инвестициялық міндеттемелерді орындауына кешенді ревизия жүргізіледі.
«2026 жылдың II тоқсанынан бастап тарифтердің өсуі теңгерімді түрде, инфляцияның нысаналы деңгейімен үйлестіре отырып жүзеге асырылады», – деді Жұманғарин.
Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй көмегін көрсету механизмі сақталады. Ол одан да нақты бағытталған түрде жүзеге асырылады және тек аса мұқтаж азаматтарға ғана ұсынылады. 2026–2028 жылдары коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғыртуға шамамен 3 триллион теңге тартылады. Бұл қаражат 30 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуге бағытталмақ. Жұманғариннің айтуынша, тарифтердің инфляцияға жыл сайынғы үлесі 1 пайыздық тармақтан аспайды.
Еске салайық, 16 қазанда Қазақстан үкіметі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың жағымсыз әсерлерін жұмсарту мақсатында бірқатар шешім қабылдаған болатын. Атап айтқанда, 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылды.
«Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, коммуналдық шаруашылық нысандарындағы барлық жоспарланған жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй көмегін көрсету тетігінің жұмыс істеп тұрғанын атап өткен жөн», – деп хабарлады үкімет.
