Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Норвегияда СҚО-дан шыққан жауынгерлердің қабірлері табылды

Норвегияда СҚО-дан шыққан жауынгерлердің қабірлері табылды

January 12, 2026 12:39

Волонтерлер қаза тапқан батырлардың туыстарын іздеуде Норвегиялық іздеушілер Ұлы Отан соғысы жылдары Норвегияның солтүстігіндегі нацистік лагерьлерде қаза тапқан Қазақстаннан шыққан 15 жауынгердің жерленген орындарын анықтады. Батырлардың сүйектері Тьетта аралындағы бауырластар зиратында және Йорстадмоен зиратында жатыр. Олардың арасында Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан сарбаздар да бар. Қазіргі уақытта волонтерлер олардың туған-туыстарын іздестіруде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Олардың алтауы Энгелой концлагерінде болған. «Энгелой» атауы «Періште аралы» деп аударылады, алайда тұтқындардың өздері оны «Ібіліс аралы» деп атаған. Алғашқы кеңестік әскери тұтқындар бұл жерге 1942 жылдың қыркүйегінде жеткізілген.

«Жауынгерлер жаз мезгілінде тұтқынға түсті — жеңіл киімде, көбіне жалаңаяқ болған. Аяқтарына цемент салынған қаптарды орап алатын. Солтүстік теңіздің суық желі өтінен өтетін шатырларда өмір сүрді. Тұтқындарға арналған барактар мен неміс күзетшілеріне казармалар салды. Суықта күніне 13–16 сағат жұмыс істеді. Үсті-басы су болып оралатын, киімді кептіруге жер болмады, тоң болып қатқан жерде ұйықтады, үнемі аш жүрді. Бұл – жер бетіндегі нағыз тозақ еді, өлім-жітім өте жоғары болды», – дейді волонтер.

Волонтерлердің айтуынша, 1943 жылдың қаңтарына қарай аралда адам төзгісіз жағдайдың салдарынан 400 тұтқын көз жұмған. Өлім-жітімнің көптігі неміс қолбасшылығын тергеу жүргізуге мәжбүр етті. Тек сол жылдың жазында ғана тұтқындарға берілетін нан мөлшері арттырылып, пеші бар бірнеше ағаш барак және науқастарға арналған жеке ғимарат салынған.

Мұрағат деректеріне сәйкес, Норвегия оккупацияланған кезеңде — 1941 жылдың тамызынан 1945 жылдың мамырына дейін — бұл елде 100 мыңнан астам кеңестік әскери тұтқын болған.

«Олар үшін елдің солтүстігінде 500-ден астам лагерь салынды. Бұл лагерьлер жартастардың арасында, қол жетпейтін аймақтарда, бір-бірінен 5–6 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұтқындар Гитлердің “көгілдір арманы” — полярлық теміржол салу үшін пайдаланылды. Бұл теміржол арқылы КСРО-ға солтүстіктен соққы беру үшін әскер мен техниканы тасымалдау жоспарланған. Әскери тұтқындарға ашық түрде: “Лагерьден шығатын жалғыз жол — зират” деп айтылған», – дейді волонтер.

Соған қарамастан, тұтқындар қашуға талпыныстарын тоқтатпаған.
Кеңестік әскери тұтқындардың нақты қанша адам қаза тапқаны әлі күнге дейін белгісіз. Егер бес жыл бұрын шамамен 13 700 адам делінсе, бүгінде тарихшылар бұл сан 15 мыңға жеткенін айтып отыр. Волонтерлердің пікірінше, бұған бірнеше мәрте қайта жерлеу жүргізілуі себеп болған.

«Соғыстан кейін шағын лагерь зираттарындағы мәйіттер алдымен шіркеулердің маңына, кейін ортақ зираттарға көшірілді. Ал 1951 жылы “Асфальт” операциясы кезінде тұтқындардың сүйектері қазылып алынып, қаптарға салынып, Тьетта аралында қайта жерленді. Алғашында лагерь маңында жерленген кезде нөмірлері мен есімдері жазылған белгілер болған, қайта жерлеу барысында олардың барлығы жоғалып кеткен. Соның салдарынан өте көп ақпарат жоғалды», – дейді Татьяна Торесен.

Тьетта зиратында шамамен 9 мың кеңестік әскери тұтқын жерленген. Белгісіз жауынгерлер жатқан бауырластар қабірінде торпедоұшақ ұшқыштары — бұрынғы Көкшетау облысының Володарское ауылында туған 32 жастағы Александр Ильич Скнарев пен Петропавл қаласының тумасы, 24 жастағы Григорий Сафонович Асеев те жатыр. Олар 1944 жылдың 16 қазанында Норвегияның солтүстігін азат етуге бағытталған Петсамо–Киркенес операциясы барысында неміс керуеніне сәтті шабуыл жасағаннан кейін қаза тапқан. Екеуіне де қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Тьетта аралында Оңтүстік Қазақстан облысы Жуалы ауданының тумасы, 21 жастағы Андрей Сергеевич Коваленконың сүйегі де мәңгілік тыныс тапқан. Ол 1944 жылдың мамырында неміс керуеніне шабуыл жасау кезінде ұшағы атып түсірілген. Ұшқыштың сүйегін 1947 жылы тундрада норвегиялық бұғы өсіруші тапқан. Волонтерлердің айтуынша, қазақстандық жауынгер әлі күнге дейін Норвегияда қаза тапқан кеңестік сарбаздардың ресми тізіміне енгізілмеген.

Өткен жылдың желтоқсан айында норвегиялық іздеушілер Ослода Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Әділ Тұрсыновпен кездесіп, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарын табуға көмек сұраған. Сонымен қатар деректерді өзге елдердегі әріптестеріне де жолдаған. Жақында Ақмола облысының тумасы Иван Андреевич Костенюковтың туыстары табылды. Ол 1944 жылдың 13 маусымында Калвик лагерінен қашқаны үшін атылған.

Қашқан тұтқындардың тек 12-сі ғана Швецияға жете алған. Қазақстандық жауынгердің отбасын табуға Тула қаласындағы іздеуші көмектескен.

«Қазір біз жауынгердің туған-туыстарымен байланыстамыз. Олар көз жасын тыя алмай, жақын адамының жерленген жері табылғанына әлі де сене алмай отыр. Енді олар барып, тағзым ете алатын орын бар. Қалған қазақстандық сарбаздардың да отбасылары табылады деп үміттенеміз», – дейді Татьяна Затолокина-Торесен.

Қазіргі уақытта іздеушілер төмендегі қазақстандық жауынгерлердің де туыстарын іздестіруде:

  1. 1916 жылы туған, Алматы облысы Іле ауданы Талғар қаласының тумасы Василий Ильич Антонов, 1944 жылғы 11 сәуірде Шталаг-303 лагерінде қаза тапқан.
  2. 1902 жылы Алматы облысындағы Сарыөзек өңірінде туған Иван Яковлевич Кочерженко (Кочершенко), 1944 жылғы 10 маусымда Шталаг-303 лагерінде қаза болған.
  3. 1908 жылы Қостанай облысындағы Қарақұлақ (Қарауылск) елді мекенінде туған Андрей Васильевич Лось, 1942 жылғы 10 желтоқсанда Шталаг-303 лагерінде көз жұмған.
  4. 1916 жылы туған алматылық Петр Вениаминович Вяткин, 1944 жылғы 21 қыркүйекте Шталаг-303 лагерінде қаза тапқан.
    Аталған жауынгерлердің барлығы Йорстадмоен зиратында жерленген.
  5. Тьетта аралында Энгелой лагерінің тұтқындары да жерленген. Олардың қатарында:
    1914 жылы Қарағанды облысы Елизаветовка ауылында туған Григорий Андреевич Казанников (отбасы Алматыда тұрған), 1943 жылғы 10 маусымда қайтыс болған;
  6. 1911 жылы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған Виктор Леонидович Кустов, 1943 жылғы 13 мамырда көз жұмған;
  7. 1904 жылы Алматы облысы Талғар ауылында туған Павел Сергеевич Медведев, 1943 жылғы 23 тамызда қайтыс болған;
  8. 1898 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданының Покровск ауылында туған Кузьма Васильевич Мурзин, 1943 жылғы 27 шілдеде қаза тапқан.
  9. Ал 1907 жылы Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма ауданында туған Василий Егорович Сорокин әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Норвегиялық волонтерлер мұрағат деректеріне сүйене отырып, оның да Энгелой лагерінің тұтқыны болғанын және 1942 жылғы 20 қарашада қайтыс болғанын анықтаған.
Shares