Қайғылы оқиға: Түркістан облысында 12 адам өрттен қаза тапты оның ішінде тоғызы бала

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында жеке үйде болған өрт кезінде 12 адамның қаза болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облыстық ТЖД мәліметінше, 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар түскен.
Өрт сөндірушілер жеткен кезде үйдің толықтай отқа оранғаны анықталған.
«Өртті барлау және сөндіру барысында үйден ес-түссіз күйде үш адам шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, 12 адамның мүрдесі табылды», – делінген хабарламада.
Көршілердің айтуынша, үйде қонақтар болған, себебі алдыңғы күні үй иелерінің іс-шарасы өткен. Өрт 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себебі анықталуда.
Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Үкімет пен облыс әкіміне марқұмдардың жақындарына қажетті көмектің барлығын көрсету және болған жағдайдың себептерін анықтау жөнінде тапсырма берілген.
«Вице-премьер Қанат Бозымбаев төрағалық ететін комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы кірді», – делінген ақпаратта.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Медициналық мекемелерге үш адам жеткізілген: екі ересек және бір бала.
«Олардың барлығы жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға толық көлемде интенсивті терапия жүргізілуде, олардың хал-жағдайы профильді мамандардың тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
