Қазақстанда дәстүрлі ҰБТ-дан бас тартылуы мүмкін

Қазақстанда Бірыңғай ұлттық тестілеудің (ҰБТ) жаңа форматы енгізіледі. Талапкерлер дәстүрлі тест тапсыруды немесе шетелде де мойындалатын жаңа тестті таңдауға мүмкіндік алады, деп хабарлайды QZ NEWS Tengri Education-ке сілтеме жасап.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда талапкерлерге әлемнің кез келген университетіне түсуге мүмкіндік беретін тест әзірленеді. Қазіргі кезде жоба әзірлеу сатысында. Министр бұл жоба ұзақ мерзімді екенін ескертті, сондықтан бүгін де, 2026 жылы да қазақстандық ата-аналар мен оқушылар «алаңдамаса» болады.
«Біздің тестологтарымыз бұл тесттің жоғары оқу орындарына қабылдау үшін халықаралық деңгейде мойындалатын тест болуын қалайды. Болжамды жоспарымыз бойынша жаңа тестті әзірлеуге кем дегенде тағы бір жыл кетеді. Талапкерлерге таңдау беріледі: дәстүрлі ҰБТ тапсырып, Қазақстандағы университеттерге түсе аласыз; немесе әзірлеу сатысында тұрған жаңа тестті таңдай аласыз. Менің ойымша, бұл жаңа тест 2027 жылы ғана іске қосылады. Осы тест арқылы әлемдегі кез келген университетке, сондай-ақ Қазақстанда ашылған шетелдік филиалдарға түсуге мүмкіндік болады», – деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.
Осы жоспарды жүзеге асыру үшін қазақстандық мамандар Educational Testing Service (ETS) штаб-пәтерінде оқудан өтеді. Қазіргі кезде кейбір шетелдік университеттер Қазақстандағы ҰБТ-ға «сенімсіздік танытады». Сол себепті, нәтижесі басқа елдердің оқу орындары тарапынан да мойындалатын халықаралық тест қажет.
«Барлығы кезең-кезеңімен жүргізіледі, талапкерлердің, ата-аналардың, мектептердің мүдделері ескеріледі. Алаңдауға еш негіз жоқ, бұл өте жауапты жоба, біз оған өте мұқият дайындалып жатырмыз. Бір жыл дайындық өтті, енді әзірлеу және таңдау үшін тағы бір жыл болады», – деді министр.
Министр атап өткендей, дәстүрлі ҰБТ форматы «қажеттілік жойылғанша» жүргізілетін болады. Халықаралық тест оқушының оқу барысында меңгерген білім деңгейін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік белсенділігі, логикалық және сыни ойлау қабілеті, функционалдық сауаттылығын да бағалайды.
