Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » ҚР Бас прокуратурасы есірткі бизнесіне қарсы күреске арналған «Crypto Trace» және «ProkAi» жасанды интеллект құралдарын таныстырды

ҚР Бас прокуратурасы есірткі бизнесіне қарсы күреске арналған «Crypto Trace» және «ProkAi» жасанды интеллект құралдарын таныстырды

November 10, 2025 14:00

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында отандық IT-мамандармен бірлесіп әзірленген екі инновациялық құрал — «Crypto Trace» және «ProkAi» жүйелерінің таныстырылымы өтті. Бұл жүйелер Тәуелсіздіктің идеологиясы аясында, Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде тегін негізде жасалып, есірткі қылмысына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов әлеуметтік желідегі X парақшасында жазды, деп хабарлайды QZ NEWS.
 
«Crypto Trace» — жаңа буын іздеу жүйесі, желідегі транзакцияларды талдап, есірткі бизнесінің қаржылық ағындарын анықтауға арналған. «ProkAi» — тәулік бойы жұмыс істей алатын интеллектуалды платформа, интернеттегі есірткі саудасын адамға қарағанда ондаған есе жылдам анықтай алады.
 
⁠«Тек үш ай ішінде «ProkAi» чат-боты арқылы 2 000-нан астам дропперлік шоттар анықталды. Бағдарлама қылмыскерлерден алынған SimBox құрылғылары арқылы жүздеген наркодүкен нөмірлеріне қосылып, қылмыстық аккаунттарды кең қамтиды. Жаңа құралдар ресурстарды оңтайландырып, кадрларды басқа басым міндеттерді шешуге босатуға мүмкіндік береді. Бағдарламалық өнім нақты тергеуде тексерілді — есірткі дүкеніне қатысты қылмыстық іс бойынша 15 мыңнан астам дропперлік шот анықталды: олардың 2 мыңы Қазақстандық, 13 мыңнан астамы шетелдік, 620 криптовалюталық. Жүзден астам дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылды», — деп жазды Бас прокурор.
 
Сонымен қатар, нақты криптоәмиан жылдам анықтау мүмкіндігі тергеудің тиімділігін айтарлықтай арттырды.
 
⁠«Бұл әмиандарда шамамен 5 миллион USDT көлемінде активтер анықталды, бұл есірткі сатудан түскен заңсыз қаржылық ағындардың көлемінің үлкендігін көрсетеді. «Заң және тәртіпті» қамтамасыз етуде «ақылды» шешімдерді жасаудағы елеулі үлесі үшін Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлері мен IT-компания әзірлеушілеріне алғыс білдірілді», — делінген Бас прокурор хабарламасында.
 
Әзірленген бағдарламалық өнімдер ел көлемінде енгізіліп, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғауға бағытталмақ.
Shares