Threads-та ұлтараздық дау тудырғаны үшін Алика Мұхамадиеваға үкім шықты

Қарағандыда 23 жастағы кәсіпкер Алика Мұхамадиеваға қатысты әлеуметтік, діни және ұлттық алауыздық тудырды деген айыппен қозғалған атышулы іс аяқталды, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
3 қараша күні судья Арғын Құтышев үкімді жариялады. Сот шешімімен Алика Мұхамадиева кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде оған екі жылға жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылды. Үкім жарияланған соң сотталушы сот залында қамаудан босатылды. Жазаны кейінге қалдырудың себебі – оның екі жасар баласының бар болуы.
«Айта кету керек, қазіргі таңда жазаны кейінге қалдыру – міндетті норма. Себебі 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге (бес жылдан артық жаза көзделмейтін баптардан бөлек) жазаны кейінге қалдыру **міндетті түрде беріледі», – деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокурор соттан Мұхамадиеваға 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ жазаны 4 жылға кейінге қалдыруды сұраған. Себебі айыпталушының кішкентай баласы бар.
Қорғау тарапы істе жиналған дәлелдермен келісті, ал сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді.
Айыпталушының кінәсі оның мойындау көрсетпелерімен, сараптамалардың қорытындыларымен және өзге де іс материалдарымен дәлелденген.
ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша бұл бап үшін 2000-нан 7000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, не 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Сот үкім шығару кезінде Мұхамадиеваның екі жасар баласының бар екенін, кінәсін толық мойындағанын және шын жүректен өкініш білдіргенін ескеріп, бұл жайттарды жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады.
Айыптау қорытындысына сәйкес, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚК 55-бабының 2-бөліміне сәйкес, егер жеңілдететін мән-жайлар болып, ал ауырлататын мән-жайлар болмаса, жаза мерзімі ең жоғарғы шектің 3/2 бөлігінен аспауы тиіс.
ҚК 74-бабы бойынша, жасы кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге сот жазаны өтеуді 5 жылға дейін кейінге қалдыру құқығын береді.
Бұл бапқа 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған заңмен өзгерістер енгізіліп, 2025 жылғы 16 қыркүйекте күшіне енді. Осыған сәйкес, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыру міндетті түрде беріледі.
Сот үкімінен кейін Мұхамадиеваның адвокаты Тимур Солодуха соттың әділ шешім қабылдағанын атап өтті.
«Ең бастысы – ол бүгін қызына қосылады. Бұл сот процесі көп адамға ой салып, тиісті қорытынды жасауға себеп болады деп ойлаймын», – деді адвокат.
Айта кетсек, сот процесі ашық түрде өтті, іс материалдары қысқартылған тәртіппен қаралды. Отырысқа журналистер мен сотталушының туыстары қатысты.
Сотта Алика Мұхамадиева өз кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Ол көз жасын тыя алмай, өз сөздерімен ренжігендерден кешірім сұрады.
