Бескөл ауылында бөгетті нығайту жұмыстары аяқталды

2026 жылғы су тасқыны маусымына дайындық Солтүстік Қазақстан облысында жалғасуда. ТЖД мамандары өңірдегі қауіпті аймақтарды тексерді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Су басатын қауіпті аумақтарды бақылау ТЖҚК төрағасының орынбасары Роллан Есмағанбетовтың қатысуымен жүргізілді. Тексеру Петропавл қаласы мен СҚО-ның бірнеше аудандарында өтті. ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде ұзындығы 29 км болатын 8 бөгет нығайтылған.

Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында ұзындығы 3,5 км болатын бөгетті нығайту жұмыстары аяқталды. Елді мекенге 90 мың м материал жеткізілді. Тепличный, Прибрежный және Кожевенный елді мекендерінде темірбетон плиталары мен армотуралық құрылымдарын орнату жалғасып жатыр – 28 630 метрден астам жұмыс орындалған.
«Өңірде қосымша 15 км үйінді тұрғызылды, құбырлар орнатылды, арықтар тазартылып, тереңдетілді, Кіші Тораңғұл көлінің жағалауы нығайтылды», – деп мәлімдеді СҚО ТЖД баспасөз қызметі.

