Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Қызылжар ауданында ауыл тұрғындары үшін барлық жағдай жасалып жатыр

Қызылжар ауданында ауыл тұрғындары үшін барлық жағдай жасалып жатыр

November 7, 2025 10:05

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен өңірдегі халқы ең көп Қызылжар ауданына барды. Әлеуметтік желідегі жазбасында өңір басшысы ауданның тұрақты өсім көрсетіп, инвестициялық жобаларды белсенді жүзеге асырып жатқанын және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Биыл ауданда 6 инвестициялық жоба іске қосылды. 2026 жылға дейін жалпы сомасы 25 млрд теңгеден асатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Подгорное ауылында “Salar Farm” ЖШС жоңышқаны өңдейтін зауыттың құрылысын бастау үшін капсула салды. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 60 мың тонна түйіршіктелген өнімді құрайды. Өнім Қытай мен Орталық Азия елдеріне экспортталады. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ Якорь ауылында “Био ТЭС” ЖШС органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысын қолға алған пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Бұл бастама орта деңгейдегі құс фабрикаларына қалдықтарды тиімді кәдеге жарату арқылы табыстылықты арттыруға мүмкіндік береді.

«Осы ауылда заманауи ветеринарлық пункт ашылды – бұл облыстағы осындай үшінші нысан. Алдағы екі жылда өңірде 100-ден астам жаңа үлгідегі ветеринарлық пункт салу жоспарлануда», – деп жазды СҚО әкімі.

Облыстағы кран-балка өндіретін жалғыз зауыт та Қызылжар ауданында орналасқан. Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, “RM Stone” ЖШС екі жылдан астам уақыт бойы жүк көтергіш құрылғыларды, металл конструкцияларын және көркем құю бұйымдарын шығарып келеді. Әлеуметтік жауапкершілік аясында кәсіпорын келесі жылы «Бескөл» скверін жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Бескөл ауылында биылдың соңына дейін 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы сатылымға шығарылады. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, тұрғын үйдің 70 пайызы әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға арналған.

Инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Өңір басшысы Соколов топтық су құбырының су таратушы желілерінің құрылыс барысымен танысты. Жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Нысан іске қосылғаннан кейін ауданның бес елді мекені сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.

«Ауданда цифрландыру ісі мектептен бастау алады. Бескөл №2 орта мектебінде әр пән жасанды интеллект элементтерімен оқытылады, бұл оқушыларға заманауи білім мен дағдылар алуға мүмкіндік береді. 360 жылдан астам тарихы бар Вагулино ауылында “СК Вагулинское” ЖШС елді мекеннің дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға белсене қатысуда. Келесі жылы фельдшерлік-акушерлік пунктке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Ауылда 27 бейнебақылау камерасы орнатылып, олар орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылған», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жұмыс сапары аясында СҚО әкімі аудандағы топырақ үйінділерін нығайту жұмыстарын тексеріп, облыстың Құрметті азаматы Мария Алексеевна Батаевамен, еңбек әулеттерімен, аграрийлер және аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өзекті мәселелер мен ауылдық аумақтарды дамыту және халықтың өмір сапасын арттырудың болашағы талқыланды.

Shares