СКО-ның жас зерттеушілері Республикалық ғылыми байқаудың финалына жолдама үшін бақ сынамақ

Солтүстік Қазақстан облысында 8–11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін Республикалық оқушылар ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Қызылжар Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығында атап өтілгендей, басты мақсат – ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру және өңірдің дарынды жас буынының шығармашылық әлеуетін ашу.

Орталық директоры Бақыт Ғабдуллина байқау тек жеңімпаздарды анықтауға емес, таланттарды жүйелі түрде қолдауға бағытталғанын атап өтті.
«Байқауға бастапқыда 480 жобамен 566 адам тіркелді. Аудандық және қалалық кезеңдерді сәтті өткеннен кейін облыстық кезеңге 184 жобамен 231 қатысушы шықты. Жобалар ғылыми-техникалық прогресс, экология және денсаулық, сондай-ақ тарих пен мәдениет сынды төрт стратегиялық бағытқа бөлінген.Жұмыстар екі негізгі блокты қамтиды: қоғамдық-гуманитарлық бағыт – 118 қатысушы, 91 жоба; жаратылыстану-математикалық бағыт – 113 қатысушы, 93 жоба», – деді Бақыт Ғабдуллина.

Байқау халықаралық тәжірибеге сай көрме-жәрмеңке форматында өтті. Қатысушылар өз зерттеулерін стендте таныстырып, сарапшылармен пікір алмасты.

Облыстық кезеңнің жеңімпаздары 2026 жылы өтетін Республикалық финалда СҚО атынан өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша финал 17–20 ақпан аралығында Қарағандыда өтеді. Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша финал 24–27 ақпан күндері Астанада ұйымдастырылады.
