СҚО-да ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталуда

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімдері басталды. Іс-шараны «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Орталық өкілдерінің айтуынша, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткізіліп келе жатқан бұл олимпиада қатарынан үшінші жыл ауылдық мектеп оқушыларына өз қабілеттерін көрсетіп, білім деңгейін дәлелдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Биыл мектеп кезеңіне 2 584 қатысушы, аудандық кезеңге – 1 846, ал облыстық кезеңге – 721 оқушы қатысты.
Қатысушылар санының көп болуына байланысты облыстық кезең алғаш рет сегіз жерде – Петропавлда және жеті аудан орталығында өтті. Бұл барлық қатысушыларға тең мүмкіндік берді. Байқау қорытындысы бойынша 174 жеңімпаз бен жүлдегер анықталып, тағы 8 оқушы алғыс хаттармен марапатталды.
Алғаш болып Айыртау ауданының оқушылары марапатталды. Аудан командасы 37 жүлде жеңіп алып, 2025–2026 оқу жылының «Үздік олимпиадалық командасы» атанды.
«Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бахыт Ғабдуллина дайындық деңгейінің жоғары екенін атап өтті.

– Қуаныштысы, Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша қатарынан екінші жыл елдің үздік үштігіне еніп отыр. Біздің қатысушыларымыздың арасында «Ауыл мектебінің үздік оқушысы» атағына ие болғандар да бар, – деді орталық директоры.
СҚО құрамасы қалыптастырылып, қараша–желтоқсан айларында республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтын болады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімдері облыстың басқа аудандарында да жалғасады.
