СҚО-да ауыл мектептерінің оқушыларына арналған облыстық олимпиада басталды

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептерінің 9–11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің І туры басталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Олимпиада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қатарынан үшінші жыл өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты — оқушылардың тұратын жеріне қарамастан, олардың әлеуетін ашуға тең мүмкіндік жасау.

«Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бахыт Ғабдуллинаның айтуынша, олимпиадаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мектепішілік кезеңге 2584 оқушы қатысса, аудандық кезеңге 1846 оқушы өткен, ал облыстық турға 721 қатысушы жолдама алған.
Қатысушылар екі бағыт бойынша 13 пәннен сынға түсуде. Жаратылыстану-математикалық бағыт (КММ «№1 арнайы мектеп-интернатында» өтеді) – математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерін қамтиды.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыт (КММ «Облыстық мамандандырылған гимназия-интернатында» өтеді) – қазақ, орыс және ағылшын тілдері мен әдебиеті, Қазақстан тарихы және құқық негіздері пәндерін қамтиды.
Олимпиада екі күнге жоспарланған және облыстың сегіз аймағында өткізіліп жатыр. Бұл шалғай ауылдардағы оқушыларға да қатысуға мүмкіндік береді.
«Біздің өңір республика деңгейінде өз нәтижесін көрсетіп жүр. Соңғы екі жылда облыс құрамасы гуманитарлық бағыт бойынша тұрақты түрде елдің үздік үштігіне енуде. Бірқатар оқушыларымыз “Ауыл мектебінің үздік оқушысы” республикалық атағына ие болды. Бұл олимпиада біз үшін жай ғана жарыс емес, жаңа буынның — өзіне сенімді, талантты және мақсаткер ауыл жастарының өсіп келе жатқанын көрсететін мүмкіндік», — деді дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы «Қызылжар дарынының» директоры Бахыт Ғабдуллина.
