СҚО-да ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қалай аталып өтті

Петропавлда Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Әкімнің айтуынша, аграрийлердің жанқиярлық еңбегінің арқасында СҚО Қазақстанның азық-түлік тірегіне айналып отыр. Өңір шаруашылықтары еліміздегі дәнді және майлы дақылдардың ұлттық өндірісінің төрттен біріне жуығын, сондай-ақ сүт пен жұмыртқаның оннан астам пайызын қамтамасыз етеді.
«Биылғы жылды біз аграрлық рекордтармен аяқтап отырмыз. Мемлекеттің бұрын-соңды болмаған қолдауы мен еңбеккерлеріміздің тынымсыз еңбегінің арқасында гектарына 21,4 центнер өнімділікпен 6,5 млн тоннадан астам астық жиналды. Майлы дақылдар бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізілді – 1,2 млн тонна өнім өндірілді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
СҚО аграрийлерінің еңбегі екінші жыл қатарынан ең жоғары мемлекеттік деңгейде бағаланып отыр. Биыл механизатор Мұрат Кенесұлы Қаражұманов «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағына ие болды. Ал Серік Татыбайұлы Малаев «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі сондай-ақ өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлерін атап өтіп, марапаттады.
Іс-шара көркін СҚО облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі аша түсті. Онда ХХ ғасырдың 20–70 жылдарындағы осы саладағы өңір тарихын көрсететін фотоматериалдар мен экспонаттар ұсынылды.

Мереке танымал шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен аяқталды. Ал басты сый – халық әртісі Роза Рымбаеваның өнер көрсетуі болды.

