СҚО-да кәсіпкер өз қаражаты есебінен туған ауылына балабақша, мәдениет үй, спорт кешенін сыйға тартты
October 21, 2025 21:00

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болды. Дайындық ауылында бірден үш жаңа әлеуметтік нысанның салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысандардың құрылысын жергілікті кәсіпкер Біржан Шаймерденов өз бастамасымен және жеке қаражаты есебінен жүргізіп, жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Облыс әкімі әлеуметтік желідегі жазбасында Дайындық ауылын өңірдегі озық ауылдардың бірі деп атады. Соңғы жылдары мұнда тұрғын үйлер саны 28-ден 86-ға дейін артқан, жаңа отбасылар көшіп келіп, жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтерген.

«Туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсеткен жерлесіміз Біржан Шаймерденовке ерекше алғыс білдіремін. Тек биылғы жылдың өзінде ол жеке қаражаты есебінен ауылда балабақша, 300 орындық мәдениет үйі, спорт кешенін салып, мәдени-сауықтыру орталығын күрделі жөндеуден өткізді және ауыл тұрғындарына арналған 15 тұрғын үй тұрғызды», — деп атап өтті өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, бұл – бизнестің қоғам дамуына белсенді түрде қатысуының нақты мысалы. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі өңірдің өркендеуінің маңызды факторы ретінде аталды.
