СҚО-ның төрт ауданында жаңа ауызсу жүйелері іске қосылды

Солтүстік Қазақстан облысында топтық су құбырларын салу және қайта құру бойынша екі жоба аяқталды. Енді Тайынша, Ақжар, Айыртау және Шал ақын аудандарының тұрғындары таза ауызсумен қамтылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Тайыншада жаңа ауызсу жүйелері іске қосылды. Салтанатты іске қосу рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, таза ауызсумен 22 мың ауыл тұрғыны қамтамасыз етілді.

Тайынша ауданының ауылдарын Булаев топтық су құбырының жаңа тармақтары қамтыды. 13 елді мекен үшін ұзындығы 170 шақырым болатын су құбырлары мен сорғы станциясы салынды. Бұған дейін тұрғындар құдықтар мен бұрғыланған ұңғымалардан су алып, блок-модульдер арқылы пайдаланған. Енді ауыл тұрғындары үйлеріне дейін су тарта алады. Ал Ақжар ауданында да Булаев топтық су құбырының тармақтары пайдалануға берілді, олардың ұзындығы 5 ауылға дейін 123 шақырымды құрады.
«Үкіметтің қолдауы және Су ресурстары және ирригация министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен еңбегі арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Біздің облыстағы сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға барлық көздерден 74 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, оның ішінде 45 млрд теңге – қайтарылған активтер есебінен», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Айыртау және Шал ақын аудандарындағы 24 ауылда Көкшетау топтық су құбырынан ұзындығы 220 шақырым болатын су желісінің құрылысы аяқталуға жақын.
«Мемлекет басшысының қазақстандықтарды 100 пайыз ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында осы жылы үш жобаны толық аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта министрлік 950 мыңнан астам адамды ауызсумен қамту үшін 2,4 мың шақырымнан астам су құбырларын салу және қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Елдің 9 облысында 29 жоба іске асырылуда», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

СҚО-дағы екі жоба (Тайынша және Ақжар аудандарында) мерзімінен бұрын – 1,5 жыл ерте аяқталды.
Бұдан бөлек, облыстың 9 ауданында 46 кешенді блок-модуль орнату және 37 орталықтандырылған сумен жабдықтау нысанын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді ауызсумен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
