Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Ветеринарлық заңнаманы бұзғаны үшін СҚО-да 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Ветеринарлық заңнаманы бұзғаны үшін СҚО-да 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

November 10, 2025 13:00

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы жүргізген тексерістер нәтижесінде аудандық ветеринариялық қызметтердің жұмысында ветеринария туралы заңнаманың өрескел бұзушылықтары анықталды. Бұзушылықтар қызметтік есептердегі жалған мәліметтер мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.

Ең ірі заңбұзушылық Уәлиханов ауданында тіркелді. Мұнда ветеринариялық қызмет «Ветеринария туралы» заңды өрескел бұзып, ауыл шаруашылығы жануарларына жүргізілген вакцинация көлемін 10 мың басқа артық етіп көрсеткен. Сондай-ақ осы аудандағы Қаратерек ауылында мал көметін орынның тиісті деңгейде ұсталмауы анықталды.

Бұдан бөлек, Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын және Мамлют аудандарында ветеринариялық қызметтер кәсіпкерлерге балық өнімдерін тасымалдауға арналған ветеринариялық анықтамаларды заңсыз берген, яғни өнімнің шығу тегін растайтын құжаттар болмаған.

Қызылжар ауданында 30-дан астам анықтаманың берілуі кезінде өнімге міндетті қосымша зертханалық тексерулер жүргізілгені туралы мәліметтер мүлде болмағаны анықталды.

«Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде заңда белгіленген тәртіппен 15 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Ветеринариялық анықтамаларды заңсыз беру және мал көметін жерлерді күтіп-ұстау бойынша анықталған барлық заңбұзушылықтар жойылды. Ветеринариялық заңнаманың сақталуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.

Shares