Жаңа Конституция және креативті экономика: СҚО-да азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасалуда

Экономиканың болашағы адамдардың білім алуына, жаңа идеялар ұсынып, оны жүзеге асыруына қаншалықты мүмкіндік жасалғанына тікелей байланысты. Өйткені ел дамуының басты ресурсы – адам, оның білімі, қабілеті мен бастамашылдығы. Бұл ұстаным Қазақстанның жаңа Конституциясында да көрініс тапқан. Ата Заңда білім беру, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту мәселелеріне маңызды орын берілген. Жастардың өзін-өзі танытуына қолайлы орта қалыптастыру неліктен маңызды және заманауи креативті алаңдар бұл бағытта қандай рөл атқарады? Бұл туралы Qyzyljar Creative Center жетекшісі Жайнагүл Оспанова QZ NEWS тілшісіне айтып берді.
Бүгінде жастар үшін тек білім алып немесе белгілі бір мамандықты меңгеру жеткіліксіз. Олар алған білімін тәжірибе жүзінде сынап, жаңа бағыттарда өздерін байқап көруге, пікірлес адамдарды табуға және өз идеяларын ұсынудан қорықпауға мүмкіндік алуы керек. Qyzyljar Creative Center дәл осындай жағдай жасауға ұмтылып отыр. Бұл алаң белсенді жастардың басын қосып, шығармашылық жобаларын дамытуға көмектеседі, стартаптарды қолдайды және жас мамандарды заманауи технологиялармен таныстырады.
Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл бағыттың маңызы зор. Дарынды әрі бастамашыл жастарды қолдау олардың жеке қабілеттерін ашып қана қоймай, өңірдің дамуына серпін беретін жаңа идеялардың қалыптасуына ықпал етеді. Оның үстіне, бүгінде креативтілік тек өнер саласында ғана емес, кәсіпкерлік, білім беру, ғылым және экономиканың түрлі бағыттарында да сұранысқа ие.
Жайнагүл Оспанованың пікірінше, мұндай орталықтардың басты міндеті – адамның өз күшіне деген сенімін арттырып, ойға алған бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
«Қай идеяның болашақта сұранысқа ие болып, үлкен жобаға бастау болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан жастарды дайын шеңбермен шектемей, тәжірибе жасауға, өз жолын іздеуге, қателесіп, қайта талпынуға мүмкіндік беру маңызды. Кейде адамға ақыл-кеңестен гөрі, өзін тыңдап, идеясын байыппен қабылдайтын орта қажет», – дейді Qyzyljar Creative Center жетекшісі.
Оның пікірінше, жаңа Ата Заңның ережелері маңызды бағдар береді. Өйткені әр азаматтың әлеуетін ашпайынша, мемлекеттің дамуы мүмкін емес. Білім, мәдениет, ғылым және бастамашылдық мемлекеттік саясаттың жай ғана бағыттары емес, әр адам үшін қолжетімді нақты мүмкіндіктерге айналуы тиіс.
Түптеп келгенде, адами капиталға салынған инвестиция тек білім беру бағдарламаларын қаржыландырумен немесе жаңа алаңдар ашумен өлшенбейді. Оның басты нәтижесі – өз бетінше ойлай алатын мамандар, жас кәсіпкерлер, тың жобалардың авторлары және өз елінің болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын азаматтар. Мықты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанның негізі осындай мүмкіндіктер арқылы қалыптасады.
