19 жастағы футболшы Диас Төлеудің қазасы: не белгілі

Кеше, 16 қазанда, «Хан-Тәңірі» командасының 19 жастағы шабуылшысы Диас Төлеу ойын кезінде көз жұмды, деп хабарлайды QZ NEWS Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Оқиға Бірінші лигадағы «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» арасындағы матчтың 64-минутында болған. Диас өзін кенеттен жайсыз сезініп, алаңнан зембілмен шығарылды. Одан кейін футболшының қайтыс болғаны хабарланды. Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) жақын уақытта уәкілетті органдармен бірлесе отырып, арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтайтынын мәлімдеді.
ҚФФ басшылығы трагедияның себептерін анықтау үшін Алматы қаласына аттанды.
«Бас хатшы Давид Лория мен кәсіби клубтар арасындағы жарыстар дирекциясының басшысы Бахытжан Пазылхайыр барлық мән-жайларды анықтау үшін шұғыл түрде Алматыға ұшып шықты», – делінген федерация хабарламасында.
Футболшының өліміне қатысты нақты себеп әлі ресми түрде жарияланған жоқ.
ҚФФ мәлімдемесінде Диастың жасына қарамастан футболға деген ерекше құштарлығымен және айрықша талантымен көзге түскені айтылған. Диас «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі болған. Ол 2006 жылдың 4 мамырында туған. «Хан-Тәңірі» клубына 2024 жылдың сәуір айында ауысқан. Ағымдағы маусымда Бірінші лигада 18 матчқа қатысып, гол немесе нәтижелі паспен көзге түспеген. Бұған дейін «Қайрат» құрамында жасөспірімдер арасында шамамен 15 ойын өткізіп, 3 гол және 2 пас берген.
«Хан-Тәңірі» футбол клубының хабарлауынша, ойыншыға дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
“Хан-Тәңірі”футбол клубы үлкен қайғыра отырып, ойыншымыз Диас Төлеудің кенеттен қайтыс болғанын хабарлайды. Оқиға матч кезінде орын алды. Барлық үйдегі ойындардағыдай, стадионда жедел жәрдем бригадасы кезекшілік атқарды. Диасқа дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем көлігі футболшыны төрт минут ішінде ауруханаға жеткізді. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Клуб атынан Диастың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
