«Анашым, мен сізді жақсы көремін»: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сарбаздары аналарына алғыс білдірді

Ана үшін әскери қызметте жүрген ұлынан күтпеген қоңырау шалуынан артық қуаныш жоқ. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сарбаздары Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өз аналарына әсерлі құттықтау жолдады. Телефон арқылы жас сарбаздар аналарына шынайы сүйіспеншілік пен алғыс сөздерін жеткізді, деп хабарлайды QZ News тілшісі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Анашым, мен сізді жақсы көремін!» — бар болғаны осы бірнеше сөз өз ұлдарын сағынған аналардың көздеріне жас үйірді. Мұндай тосын сәтте аналар эмоцияларын жасыра алмады.
Телефон арқылы сарбаздар өмірдегі ең сенімді тірек болып, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген аналарына алғыстарын білдірді.

Қатардағы жауынгер Саят Қойшыбаевтың айтуынша, жақындарыңа осындай жылы сөздерді айту – әр баланың парызы.
«Әскери қызметке келгеннен бері анамды қатты сағынамын. Ол мені әрдайым қолдап, маған сенім артады. Бүгін мен оған қоңырау шалып, мерекемен құттықтап, ұзақ уақыттан кейін алғаш рет “Сізді жақсы көремін” деп айтуға мүмкіндік алдым. Барлық аналарға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін», – дейді ол.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери бөлімдерде ата-аналар мен әскери қызметшілердің отбасыларына арналған түрлі акциялар, соның ішінде ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұндай шаралар барысында олар сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен таныса алады.
