Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ашық есік күні: петропавлдықтар қала әкіміне қандай өтініштермен келді

Ашық есік күні: петропавлдықтар қала әкіміне қандай өтініштермен келді

October 22, 2025 16:39

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада қала әкімі Серік Мұхамедиевтің, қалалық мәслихат депутаттарының, жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен «Ашық есік күні» өтті. Кездесу барысында 70-тен астам қала тұрғынының өтініші қаралды, деп хабарлайды QZ NEWS.
 
Петропавл қаласының тұрғыны, зейнеткер Галина Чернышова (Комсомол көшесі, 94-үй) қала әкіміне екі мәселе бойынша жүгінді — жер учаскесінің бір бөлігінің заңсыз заңдастырылуы және сайдың жанында орналасқан үйдің құлау қаупі.
 
⁠«Біздің жер учаскеміз заңдастырылған еді, кейін бұл процесс заңсыз деп танылды, өйткені құжаттарда қателіктер кеткен. Бұл туралы биыл тамыз айында білдік. Екінші мәселе – сайдың опырылуы. Бұл тек жеке үйлерге емес, сонымен қатар Жеңіс саябағына жақын аумаққа да әсер етуде. Қазір сайдың шөгуі күшейіп барады», – деді ол.
Зейнеткердің айтуынша, сайды нығайту мәселесі 2013 жылдан бері көтеріліп келеді, бірақ қаржының жоқтығына байланысты нәтиже шықпаған. Бұрын отбасы өз күшімен бөктерін бекіткен, алайда жұбайының инфаркттан кейін бұл жұмысты жалғастыруы мүмкін болмай қалған.
 
Қала әкімі бұл мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
 
 
⁠«Жер учаскесін заңдастыру мәселесін сотқа жеткізбей, жер қатынастары бөлімімен бірлесе отырып шешу керек. Ал сайдың опырылуына қатысты — құрылыс бөліміне мамандармен бірге барып, үйдің техникалық жағдайын тексеруді тапсырамын», – деді Серік Мұхамедиев.
Келесі болып Валентина Варюховец көмек сұрап шықты. Батыр Баян көшесіндегі №3 үйдің тұрғындары апатты жағдайда тұрған лифт мәселесін көтерді.
⁠«Лифтке сараптама жасаудан бас тартты. Үш жылдан бері ешқандай құжатсыз жұмыс істеп тұр. Көтергіш жиі тоқтайды, соған қарамастан тұрғындар, оның ішінде балалар да пайдаланады. Бұл өте қауіпті. Былтыр ауыстыруға уәде берілген, бірақ тасқын кедергі болды. Биыл да қаражат бөлінбеді», – деді тұрғын.
Қала әкімі лифт мәселесін шешу үшін облыс әкімдігінен қаржы сұралғанын айтты.
⁠«Қаржылай қолдау болса, ақпан айынан бастап жұмыстар жүргізіледі. Биыл бізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қаржы болған жоқ», – деп атап өтті Серік Мұхамедиев.
Үш сағат ішінде қала әкімімен 38 тұрғын жеке қабылдауда болды. Көптеген өтініштер ТҮКШ, абаттандыру, сумен қамту, құрылыс және тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды. Барлық азаматтарға түсініктеме беріліп, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Shares