Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Бесколь ауылының 9-сынып оқушысы Илья Витмер мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірегей IT-жүйе әзірледі

Бесколь ауылының 9-сынып оқушысы Илья Витмер мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірегей IT-жүйе әзірледі

November 12, 2025 14:21

Қызылжар ауданы Бесколь мектеп-колледжінің 9 «А» сынып оқушысы Илья Витмер «Digital Qyzyljar: IT және креативті экономика» өңірлік форумында мектеп қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған инновациялық жобасын ұсынды. Жас өнертапқыштың жобасы форум қатысушылары мен сарапшылардың үлкен қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Жас IT-маман әзірлеген бақылау жүйесі түрлі датчиктерден алынған деректерді талдауға негізделген және бейнебақылау орнатуға болмайтын жабық аймақтарды этикалық тұрғыдан бақылауға мүмкіндік береді.

Илья Витмер стартаптар көрмесінде атап өткендей, мектептерде тәртіп бұзушылықтар мен буллинг жағдайлары көбіне әжетхана мен шешінетін бөлмелерде орын алады, ал мұндай жерлерде камера орнатуға этикалық тұрғыдан тыйым салынады. Осы мәселені шешу үшін ол арзан әрі тиімді PIR-датчиктерге негізделген бақылау жүйесін ұсынған.

«Жүйенің жұмыс принципі қарапайым – датчик адам денесінің жылуын және қозғалысын тіркейді. Бөлмеде болу уақыты бақыланады. Хабарлау логикасы былайша құрылған: егер адам 5 минуттан аз болса – жасыл индикатор жанады, бұл қалыпты жағдайды білдіреді; 5–10 минут аралығы – сары индикатор; ал 10 минуттан артық болса – қызыл индикатор жанады және дыбыстық сигнал беріледі, ол күзетшіге немесе әкімшілікке ескерту жібереді», – деді Илья.

Қарапайым логикаға негізделген бұл жүйе өз тиімділігі мен сенімділігін дәлелдеп үлгерген. Ол камерасыз, бірақ этикалық тұрғыдан қауіпсіз бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Тестілеу барысында әзірлеуші келесі көрсеткіштерді анықтаған: 80% – қалыпты жағдай (жасыл аймақ), 15% – 5–10 минуттық аралық (сары аймақ), 5% – күмәнді жағдайлар (қызыл аймақ). Жас IT-маманның айтуынша, жүйе жұмыс істеген уақыт ішінде жалған дабыл бірде-бір рет тіркелмеген.

Форум сарапшылары бұл идеяны жоғары бағалап, технологияны білім беру ұйымдарына енгізу жолдарын ұсынды. Әзірлемені СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев ерекше атап өтті. Ол оқушының жобасы мемлекеттік PROTECTOR AI жобасын толықтыратын маңызды элемент екенін айтты. Аталған жоба аясында жасанды интеллекті бар камералар мектеп дәліздеріндегі жағдайды бақылайды.

«Бұл оқушы сол жобаға қосымша ұсынды: датчиктерді әжетханалар мен шешінетін бөлмелерге орнату керек – яғни, камера орнатылмайтын жерлерге. Олар өз алгоритмі негізінде, дыбыстық және қозғалыс уақытын талдау арқылы, күзетшіге немесе мектеп директорына дыбыстық немесе жарық арқылы белгі береді», – деп түсіндірді Руслан Әлішев.

Ол оқушының мәселені терең зерттеп, техникалық тұрғыдан шешім ұсынғанына назар аударды.

«Осындай жас таланттарды қолдау қажет. Мектеп директорлары мен білім бөлімдеріне нақты тапсырма беріп, дарынды балаларды дер кезінде анықтап, аудан немесе қала деңгейінде қолдау көрсету керек», – деді Руслан Әлішев

Алдағы уақытта Ильяның жобасын барлық мектеп ғимараттарына енгізу, әкімшілікке арналған дабыл жүйесін автоматтандыру және қолданыстағы IT-жүйелермен біріктіру жоспарланып отыр. Жоба жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Михаил Бабак.

«Біздің оқушылардың жобалары мектеп аясынан шығып, кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдардың назарын аударып жатқанына мақтанамыз», – деді мектеп ұжымы.

Shares