Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Кітап оқу мәдениеті: отбасынан басталатын үрдіс

Кітап оқу мәдениеті: отбасынан басталатын үрдіс

November 5, 2026 18:00

Қазақстан тұрғындарының тек 43 пайызы кітап оқиды. Ал қалған 57 пайызы кітап оқуға айтарлықтай қызығушылық танытпайды. Мұндай зерттеу нәтижелері Петропавлдағы С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен «Оқитын ұлт: оқу мәдениетінен білім мәдениетіне дейін» конференциясында айтылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Әңгіме тек кітаптар туралы ғана емес, олардың қазіргі адам өміріндегі рөлі жайында да өрбіді. Қысқа бейнероликтер, әлеуметтік желілердегі шексіз таспа мен ақпарат ағыны дәуірінде оқырманның назарын ұстап тұру оңай емес. Бұл, әсіресе, телефон газет, журнал, тіпті кітаптың орнын басатын жастарға қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – оқу мәдениетін дамыту болды. Қатысушылар кітапханаларды қалай тартымды етуге болатынын, әлеуметтік желілерде әдебиетті насихаттаудың қандай форматтарын қолдануға болатынын және көптен бері кітап қолына алмаған жандарды қалай қызықтыру керектігін талқылады.

Конференцияның арнайы қонағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова болды. Ол зерттеу деректерін ұсынып, еліміздің кітапхана саласында болып жатқан өзгерістер туралы айтып берді.

Оның айтуынша, кітапханаларға деген қызығушылық біртіндеп жекелеген мекемелер деңгейінде ғана емес, мемлекеттік саясат аясында да қолдау тауып келеді. Атап айтқанда, 16 мамырда Қазақстан Президенті оқу мәдениетін дамыту және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойған.

«Бүгінде кітапхана кітап алуға келетін орын ғана болмауы керек. Бұл – қарым-қатынас жасауға, білім алмасуға, жаңа идеялар іздеуге арналған кеңістік. Біз үшін кез келген жастағы адамның осы жерден өзіне қызықты нәрсе тауып, қайта оралуы маңызды», – деді Күміс Сейітова.

Қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер бар. Өткен жылы Қазақстанда үш жаңа кітапхана ашылды. Биыл тағы алты кітапхана ашу жоспарланған. 200-ге жуық кітапхана жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар Алматы, Астана және Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалардың құрылысы басталды.

Солтүстік Қазақстан да кітап оқуды насихаттау жұмыстарына белсенді түрде кірісті. Алайда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанат Сексенбаев атап өткендей, кітапханадағы іс-шаралардың өзі жеткіліксіз. Кітап оқу әдеті бала кітапхана табалдырығын алғаш аттағанға дейін қалыптасуы керек.

«Біз балалар аз оқиды деп жиі айтамыз. Бірақ бұл ретте өзіміздің үлгімізге назар аударуды ұмытып кетеміз. Егер үйдегі кітаптар сөрелерде шаң басып жатса, оларға ешкім қол тигізбесе, баладан басқаша әрекет күтудің өзі қиын. Кітап оқу отбасындағы күнделікті өмірдің табиғи бөлігіне айналуы керек», – деп есептейді Жанат Сексенбаев.

Конференцияда кітапхана жұмысының практикалық қырлары да сөз болды. Қызмет көрсету сапасын арттыру, мекемелердің тиімділігін көтеру және оқырмандармен өзара іс-қимыл жасаудың жаңа тәсілдерін іздеу мәселелері қаралды. Қатысушылар пікір алмасып, цифрлық платформалар арқылы кітаптарды насихаттау мүмкіндіктерін талқылады.

Дегенмен, бүгінгі кітапханалардың басты міндеті – іс-шаралар санын көбейту немесе кітап қорын жаңарту ғана емес. Ең маңыздысы – адамның кітапханаға өз еркімен келіп, кітап оқуға ықылас танытуы. Өйткені кітап оқуға деген қызығушылықты бір ғана Жарлықпен немесе үндеумен қалыптастыру мүмкін емес. Ол кітап адам үшін ләззаттың, жаңа әсерлер мен білімнің қайнар көзіне айналған кезде пайда болады.

Ал бұл жол үйдегі кітап сөресінен, баламен бірге кітап оқудан немесе бір кездейсоқ қолға түскен, оқиғасы баурап алып, одан ажырау мүмкін болмайтын кітаптан басталуы әбден мүмкін.

Shares