МӘМС бойынша тегін медициналық көмек СҚО тұрғынына мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік берді

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер қолдың жүйке ұштары ауыр зақымданған науқасқа сәтті ота жасады. Облыс тұрғыны Андрей Гаврилов саусақтары ұйып, амбулаториялық ем нәтиже бермегеннен кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінген, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Басында бәрі жақсы болды. Кейін уақыт өте келе саусақтарымды сезбей қалдым. Содан кейін ота жасау туралы шешім қабылданды. МӘМС аясында тиісті ем алдым. Қазір қолым мен саусақтарымның қимылы қалпына келіп жатыр. Жағдайым жақсарып келеді», – дейді пациент.
Нейрохирург Алексей Будниктің айтуынша, науқасқа кубитальды өзек синдромы диагнозы қойылған.
«Бұл патология бірқатар клиникалық белгілермен сипатталады. Атап айтқанда, шынашақ пен аты жоқ саусақтың жартысында сезімталдықтың бұзылуы, олардың қозғалыс функциясының төмендеуі және теріде трофикалық өзгерістер байқалады. Операциялық араласу жергілікті анестезиямен екі кезеңде жасалады. Операция шамамен 30 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Жараның жазылуы да салыстырмалы түрде тез жүреді. Бұл медициналық қызмет МӘМС аясында көрсетіледі», – деді нейрохирург Алексей Будник.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында пациент қажетті кешенді жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алып, екі рет отадан өтті. Қазіргі уақытта Андрей Гаврилов оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Оның айтуынша, саусақтарының сезімталдығы мен қимыл-қозғалысы біртіндеп қалпына келуде.
