Максим Фооттың еміне қажет 53 млн теңге жинау аяқталды

Петропавлдық Максим Фооттың еміне қаражат жинау аяқталды. Бұл туралы баланың анасы Юлия Фоот (@yuliafoot) Instagram-парақшасында хабарлады, деп жазады QZ News тілшісі.
Еске салайық, қыркүйек айында Максимге Юинг саркомасы диагнозы қойылған еді. Оған Израильде қымбат ем қажет болды — 50 миллион теңгеден астам. Осыдан кейін отбасы қаражат жинауды бастаған.
Облыс орталығының тұрғындары Фооттар отбасына қажетті соманы жинауға көмектесті. Сондай-ақ 12 қараша күні Солтүстік Қазақстан филармониясында қайырымдылық концерті мен жәрмеңке өтті. Бір кештің өзінде Максимнің туыстарына 1 600 300 теңге табысталды. Баланың анасы барлық жанашыр жандарға алғыс айтып, қаражат жинаудың жабылғанын хабарлады.

«Біз 53 млн теңгелік ағымдағы жинауды жабамыз! Бізге қиын кезде бейжай қалмай, қолдау көрсеткен барлық жанға үлкен рақмет. “Ихилов” клиникасы (Израиль) есепшот шығарды, бірақ сома өте жоғары болды. Біз осы соманың ең болмағанда бір бөлігін жинап көрейік деп шештік, және сіздердің арқаларыңызда бұл мүмкін болды! Әсіресе жүректері кең шағын қаламыздың тұрғындарына, барлық қазақстандықтарға ерекше алғыс айтамын — бізге әртүрлі қала мен облыстан жазды, туыстарға қолма-қол ақша жеткізді. Сондай-ақ Ресей тұрғындары (жолдасының және Максимнің ресейлік картасына жіберді) және Германия тұрғындары (жолдасының ағасының және Рау есімді туыстың неміс картасына жіберді) да бізге көмектесті. Нәтижесінде жоспарланған сомадан да көп — 56 526 021 теңге жиналды», — деді Максимнің анасы.
Юлия Фооттың айтуынша, отбасы бірнеше қайырымдылық қорына да жүгінген. Қазір олардың біріндегі өтініш қаралу кезеңінде. Қазір Максимнің емі отбасының жеке қаражаты және солтүстікқазақстандықтардың көмегі есебінен төленіп жатыр. Израильде бала кемінде 7 ай ем қабылдауы тиіс.
