Медиация институтына – 15 жыл: СҚО-да мамандар даулар мен жанжалдарды сотқа жеткізбей шешуге көмектесуде

5 тамызда Қазақстан медиаторлары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 30-ға жуық медиатор қызмет етеді. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» ұйымында медиация саласының мамандары марапатталды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қазақстанның барлық өңірінде 15 жылдан бері этносаралық, отбасылық, еңбек және азаматтық дауларды бейбіт жолмен реттеуге көмектесетін медиация орталықтары жұмыс істеп келеді. Бұл институттың тарихы 2011 жылы елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануынан бастау алады. Сол кезде бұл реформаның мәнін көпшілік бірдей түсіне қойған жоқ. Алайда уақыт өте келе бұл бағыт қарқынды дамып, республикалық деңгейге көтерілді. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация орталығының меңгерушісі Гүлбахша Мұсабаева айтты.
«2012–2014 жылдары Жоғарғы Сот реформаларды қолға алып, соның нәтижесінде халық медиация ұғымымен жақынырақ таныса бастады. Ал 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында азаматтық соттардың істерге шамадан тыс жүктелгені айтылды. Сондықтан соттарға қолдау көрсету қажеттігі туындады. Сол кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихи институт ретінде қоғамдық медиаторлар желісін кеңейту жұмысын бастады», – деді спикер.
Гүлбахша Мұсабаеваның айтуынша, тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 107-ден астам дау сотқа жетпей шешілген. Оның пікірінше, еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты медиация саласында жаңа мүмкіндіктер ашылып, мамандану жүйесі енгізілуі мүмкін.
«Қазіргі таңда Конституция негізінде жаңа құқықтық мәдениетті ашық түрде қалыптастыру қажет. Біз медиацияның да мамандандырылуын күтеміз. Мысалы, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша соттар бар. Дәл сол сияқты медиация да бағыттарға бөлінуі тиіс», – деді ол.
Медиация орталығы тұрмыстық жанжалдарды шешуге ерекше көңіл бөледі. Ұйымға 100 отбасы жүгінген, олардың 80-і медиативтік келісімге қол жеткізген.
«Медиация институтының бірегейлігі – медиативтік келісім жасалғаннан кейін тараптар талапкер мен жауапкер ретінде емес, бір-біріне қол алысып, жаңа қарым-қатынаспен тарасады. Соның арқасында шамамен 12 бала толыққанды отбасында қалды. Әйтпесе олардың кейбірі анасыз, әкесіз өсер еді немесе ата-әжесінің тәрбиесінде қалуы мүмкін болатын», – деп қорытындылады Гүлбахша Мұсабаева.
Мереке күні Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясында медиация орталығының дамуына үлес қосқан бір топ маман марапатталды. Алғыс хаттарға психологтер, сот жүйесінің өкілдері, қоғам белсенділері және медиаторлар ие болды.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстан бойынша шамамен 2 мың кәсіби және 1 800 қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде 30-дан астам бейінді ұйым қызмет атқарады. Мамандар сотқа жүгінбей-ақ дауларын шешкісі келетін азаматтарға әрдайым көмек көрсетуге дайын.
