Пестрое көліндегі жағажайды абаттандыру триатлон паркінің құрылысына байланысты тоқтатылды

Қаладағы әзірге ресми және жалғыз қауіпсіз шомылу орны болып саналатын Пестрое көлін кең көлемде абаттандыру жоспары уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бұған дейін, маусым айының соңында, қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен есептік кездесу барысында жергілікті кәсіпкер Максим Калининмен жүргізілген келіссөздер туралы айтқан болатын. Бизнесмен Пестрое көлінің аумағын ұзақ мерзімге жалға алып, өз қаражаты есебінен жағажай аумағын абаттандыруға, жағалау сызығын тазалауға, демалыс аймағын кеңейтуге және маусымдық аквапарк орнатуға дайын екенін білдірген.

Бүгін журналистермен кездесуде облыс орталығының әкімі кәсіпкермен келісімдер болғанын, алайда қазіргі уақытта жобаның тоқтатылғанын растады.
«Онымен біз келісіп қойғанбыз, ол жақты абаттандырып, аквапарк жасаймыз деген сияқты жоспарлар болды. Бірақ триатлон паркінің салынуына байланысты әзірге бұл істі тоқтатып қоймақпыз. Ал жағажай аймағы міндетті түрде кеңейтіледі», — деп түсіндірді Серік Мұхамедиев.
