Петропавлда Kozybayev University бірінші курс студенттерін студент қатарына қабылдау рәсімі өтті

Kozybayev University-дің бірінші курс студенттері үшін студент қатарына қабылдау іс-шарасы ұйымдастырылды. Жоғары курс студенттері жаңа өмірге қадам басқан жастарға арналған үлкен мереке өткізді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Бірінші курс студенттері үшін Солтүстік Қазақстан университетінде ерекше кеш өтті. Мұндай іс-шаралар өткізу университет дәстүріне айналған. Жыл сайын Kozybayev University-дің студенттік өзін-өзі басқару ұйымы бірінші курс студенттеріне арналған шығармашылық концерттер мен мерекелік бағдарламалар ұйымдастырады.
Студенттік өмірге жаңадан қадам басқан жастар алдында белсенділер, университет президенті және Kozybayev University Басқарма мүшесі сөз сөйледі.

«Мен бірінші курс студенттеріне бір ғана нәрсе тілеймін: ештеңеден қорықпаңыздар. Батыл болыңыздар. Студенттік өмір — ең керемет кезең. Сондықтан қорқынышқа орын жоқ. Алда сіздерді жаңа белестер күтіп тұр. Соларды бағындырыңыздар», — деді халықаралық бағдарламалар мен интернационализация жөніндегі басқарма мүшесі Мансұр Әлімханов.
Сондай-ақ университет белсенділері өз жұмыстарын таныстырып, алғыс хаттармен марапатталды. Жоғары курс студенттері студенттік ұйымдардағы тәжірибелерімен бөлісті.
«Маған университеттегі белсенділігім үшін марапатталғаным ұнады. Міндетті түрде университеттің бір ұйымына мүше болуға кеңес беремін. Сол арқылы жаңа достар табасыздар, жаңа ортаға енессіздер. Мен студенттік кәсіподақ ұйымының өкілімін. Әр екі ай сайын университет қабырғасында ірі шаралар мен кездесулер өткіземіз», — деді екінші курс студенті Мадияр Қалиев.

Ересек өмірге қадам басқан бірінші курс студенттері жаңа белестерді бағындырып, Kozybaev University абыройын одан әрі арттыруға ниетті.
