Петропавлда мамандар студенттерге денсаулықты қалай сақтау және ВИЧ-тен қалай қорғану керегін түсіндірді

Петропавл студенттерімен ВИЧ және ЖИТС-пен күрес мәселелері талқыланды. Жастар ресурстық орталығы мен облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары жастарға денсаулықты сақтау жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қатысушылар үшін интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылды. Бірі бұрынғы білімін еске түсірсе, енді бірі ВИЧ-инфекция туралы мүлде жаңа деректер білді.

«Мақсат – студенттердің ВИЧ туралы хабардарлығын арттыру, кең таралған мифтерді сейілту, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ үрей мен кемсітусіз өмір сүру идеясын қолдау. Іс-шара соңында жеңімпаздар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды. Бұл мазмұнды да танымдық бағдарламаның тамаша қорытындысы болды», – деді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысы ВИЧ бойынша аурушаңдықтың орта деңгейіне өтті. Көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 6,5 жағдайды құрады. Бұған дейін, 2016 жылдан бері, СҚО жоғары деңгейдегі аймақ ретінде есептеліп келген. Қазіргі таңда өңірде 1000-нан астам адам диспансерлік тіркеуде тұр.
