Петропавлдың Жұмысшы кентінде ТЖД мамандары рейдтік іс-шаралар өткізуде

Жылыту маусымының басталуымен Петропавлдың жеке секторында өрт қауіпсіздігі мәселесі қайтадан өзекті бола түсті. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен волонтерлерді ертіп, бұған дейін заңбұзушылықтар анықталған мекенжайларға барды. Негізгі назар әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне аударылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жұмысшы кентінде мамандар бірнеше үйді аралады. Мұнда әдеттегі ескертулер мен жадынамаларды таратумен шектелген жоқ. Қажет болған жағдайда анықталған кемшіліктерді жоюға көмектесті. Пештер мен мұржалардың жай-күйі тексеріліп, пеш алдындағы металл төсемдердің бар-жоғына назар аударылды. Сондай-ақ саңылаулар бітеліп, өрт қауіпсіздігі датчиктері орнатылып, ауыстырылды.
Үйлердің бірінде істен шыққан датчикті ауыстыруға тура келді. Үй иесі құрылғының үнемі дыбыстық белгі беретінін айтып шағымданды. Мамандар оның себебін түсіндіріп, тұрғындар ықтимал қауіп туралы дер кезінде хабардар болуы үшін жаңа құрылғы орнатты.
Мұндай рейдтер күн суытқан кезде ерекше маңызды. СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Нұрлан Баяхметовтің айтуынша, өңірде жылыту маусымы басталғалы бері 21 өрт тіркелген. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салып қана қоймай, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін кемшіліктерді жоюға да көмектесіп жүр.
«Бұған дейінгі тексерулер барысында ескертулер жасалған мекенжайларға қайта барамыз. Біздің міндетіміз – берілген ұсынымдардың қағаз жүзінде ғана қалмауын қамтамасыз ету. Бұл, әсіресе, тұрмыстық мәселелерді өз бетінше шешуге қиналатын отбасыларға қатысты», – деді Нұрлан Баяхметов.
Жұмысшы кентінің тұрғыны Ксения Падеркина өткен жылы өрт сөндірушілер келгеннен кейін барлық ұсынысты өз бетінше орындау мүмкін болмағанын айтты. Бұл жолы мамандар пеш алдына металл төсем орнатуға көмектесіп, пеш жабдығының жекелеген бөліктерін ретке келтіріп, саңылауларды бітеді.
«Мұржаларды өзіміз тазалаймыз, пешті бақылауға тырысамыз. Бірақ кейбір жұмыстар кейінге қалып қойды. ТЖД қызметкерлерінің қайта келіп, бәрін соңына дейін реттеуге көмектескені жақсы болды. Қазір өрт оқиғалары көбейген кезде мұның қаншалықты маңызды екенін түсінесің», – деп бөлісті Ксения Падеркина.
Құтқарушылардың статистикасына сәйкес, жылыту маусымындағы өрттердің едәуір бөлігі пешті дұрыс пайдаланбау және электр жабдықтарының ақауы салдарынан болады. Пештің шамадан тыс қызуы, кірпіш қалауындағы жарықтар, мұржаның бітелуі немесе электр сымдарының зақымдануы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Тағы бір қауіпті фактор – түсі де, иісі де жоқ иіс газы. Адам өзінің қауіп төніп тұрғанын байқамай да қалуы мүмкін.
Сондықтан үйлерге түтін немесе иіс газы пайда болғанын ескертуге қабілетті арнайы датчиктер орнатылады. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан тұрғындарына осындай мыңнан астам құрылғы орнатылған.
Алёна Сычёва үшін мұндай профилактикалық шаралар үйреншікті жағдайға айналған. Әйелдің айтуынша, өрт сөндірушілер олардың үйіне бірнеше рет келіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жылыту жабдықтарының жай-күйін тексеруге көмектескен.
«Біз мұнда үшінші жыл тұрып жатырмыз. Осы уақыт ішінде пешті дұрыс күтіп ұстау туралы көп нәрсе білдік. Өткен жылы түтін шығатын құбырды ауыстыруға тура келді, өйткені ескісі нашар жағдайда еді. Қазір жылыту жүйесін үнемі тексеріп, бәрін ретке келтіреміз. Ал түтін датчигі өзімізді қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Бірдеңе болса, дер кезінде әрекет ете аламыз», – деді Алёна Сычёва.
Профилактикалық рейдтер бүкіл жылыту маусымы бойы жалғасады. Мұндай жұмыс Петропавлда ғана емес, облыс аудандарында да ұйымдастырылады. Алдын ала жоспар бойынша, рейдтер шамамен сәуір айының ортасына дейін жалғасады.
Айта кетейік, жыл басынан бері СҚО-да иіс газынан жеті адам зардап шеккен.
