Петропавлдық өрт сөндіруші Руслан Кубетаев «Айбын» III дәрежелі орденімен марапатталды

Петропавл қаласы ТЖБ-ның №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Руслан Кубетаев адамдарды өрттен құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Рахымжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» III дәрежелі орденімен марапатталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Руслан Рүстемұлы Кубетаев кез келген қиын жағдайда дұрыс әрі жедел шешім қабылдай білуімен ерекшеленіп келеді.
Өрт сөндірушінің марапатқа ұсынылуына себеп болған жағдайлардың бірі – 2025 жылғы 3 тамызда болған оқиға. Оқиға орнына жеткен Руслан Кубетаев, бөлімше командирі ретінде, бірден газ-түтіннен қорғау қызметі тобының жұмысын ұйымдастырған.

Ол жеке өзі түтін басқан және температурасы жоғары ғимарат ішіне кіріп, барлау жұмыстарын жүргізді. Оның кәсіби және батыл іс-әрекеттерінің арқасында, өмірге қауіпті жағдайда бірнеше адамның өмірі сақталып қалды.
Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен ерлігі үшін Руслан Кубетаев «Айбын» III дәрежелі орденімен марапатталды.
