Петропавлдық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтті

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Батырлар құрметке бөленіп, марапаттар табысталды, ардагерлерге алғыс білдірілді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Театр фойесінде мерекелік көңіл-күй орнады. Қонақтар үшін өрт сөндіру-техникалық құрал-жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды. Құтқарушылардың ерлікке толы әрі қауіпті еңбегін бейнелеген балалар суреттері көрмеге ерекше сән берді.
Мерекеге орай гарнизонның жеке құрамы мен ардагерлерін, қызметкерлерді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов пен Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Аскаров құттықтады.

Үздік қызметкерлерге ТЖ министрлігінің, Департамент басшысының және облыс әкімінің атынан ведомстволық марапаттар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ қызмет ардагерлеріне ерекше ілтипат көрсетіліп, Құтқарушылар күніне арналған балалар сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шара өңірдің үздік шығармашылық ұжымдары мен Департаменттің талантты қызметкерлері қатысқан әсерлі концертпен аяқталды.
