Қазақстан Президенті әлем чемпионы Кристина Шумековаға «Парасат» орденін табыстады

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен салтанатты шара өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әйелдерді мерекемен құттықтап, ел тарихы мен болашағындағы әйелдің қасиетті рөліне тоқталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Президент қазақ мәдениетінде ең маңызды ұғымдар – Отан, Жер және Тіл – Ана бейнесімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Біздің халқымыз ежелден ең қасиетті құндылықтарға “Ана” сөзін қосып айтады. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігіміз. Себебі салт-дәстүріміз бен тіліміз ана тәрбиесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты рәсімнің ерекше сәттерінің бірі – спорт пен ғылым саласында жетістікке жеткен әйелдерді марапаттау болды.
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Кристина Шумекова қол жеткізген үлкен жетістікке де тоқталды.
«Өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның халықаралық беделін арттырды. Бүгін оған Парасат ордені табысталуда», – деді Мемлекет басшысы.
