Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Qyzyljar Creative Center СҚО-ның инновациялар мен цифрлық трансформация орталығына айналды

Qyzyljar Creative Center СҚО-ның инновациялар мен цифрлық трансформация орталығына айналды

November 10, 2025 17:38

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Абдриисов Qyzyljar creative center-дің алғашқы жұмыс жылын қорытындылап, оның жылдам дамып, инновациялар мен шабыт орталығына айналғанын атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
 
Бірінші жұмыс жылында креатив орталыққа 65 резидент тартылды, олар театр, қолөнер, медиа, IT және дизайн сияқты бағыттарды білдіреді. Орталық негізінде шығармашылық бірлестіктер құрылып, 1000-нан астам қатысушыны қамтыған 200-ден астам іс-шара өткізілді.
 
⁠«Бұл қауымдастық біздің резиденттерге үлкен мүмкіндіктер береді. Бір резидент қазіргі таңда Ұлыбританияның Йорк қаласында театр өнері бойынша оқып жатыр — ол Президенттік халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері», — деді Досбол Абдриисов.
 
Qyzyljar creative center Саха Республикасы (Якутия), Өзбекстан және Татарстанмен халықаралық әріптестік орнатып, тәжірибе алмасу мен жергілікті креаторларды ілгерілету мүмкіндіктерін ашады.
 
⁠«Алдағы жылдарға біздің мақатымыз— резиденттер санын арттыру, гранттық және акселерациялық бағдарламаларды іске қосу, хакатондар, фестивальдер мен көрмелер өткізу. Негізгі мақсат – өңірлік жобаларды ұлттық және халықаралық деңгейге шығару. Бірақ ең бастысы – адам капиталы. Қазіргі жастар – жаңаша ойлай білетін, технологиямен жұмыс істей алатын, құрастырып, шабыттандыра білетін ұрпақ. Олар өз идеяларын туған өңірінде жүзеге асырып, мансап құра алады және болашағын осында көре алады. Бүгінгі Солтүстік Қазақстан тек аграрлық жоба ғана емес, креатив, инновациялар және цифрлық трансформация орталығы», — деп атап өтті Досбол Абдриисов.
Shares