Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СКО-ның денсаулық сақтау саласына зор еңбек сіңірген Тамара Патютко 93 жасында өмірден өтті

СКО-ның денсаулық сақтау саласына зор еңбек сіңірген Тамара Патютко 93 жасында өмірден өтті

November 15, 2025 20:05

93 жасында Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау тарихында өшпес із қалдырған, жоғары санатты акушер-гинеколог, көрнекті дәрігер Тамара Евстафьевна Патютко дүниеден өтті. Бұл туралы облыстық перинаталдық орталықтың Instagram парақшасында хабарланды, деп жазады QZ NEWS.

Тамара Евстафьевна 1933 жылдың қаңтарында дүниеге келіп, өмірін адамдарға және медицинаға арнады. Ол кәсібіне адалдығымен, жоғары жауапкершілігімен үлгі бола білді.
1959 жылы Челябі мемлекеттік медициналық институтын бітіргеннен кейін ол еңбек жолын ауылдық дәрігер болып бастады.

1962–1966 жылдары Тамара Евстафьевна Петропавл қаласындағы I перзентхананың бас дәрігері – осы мекеменің алғашқы жетекшісі болды.

1966–1987 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының бас акушер-гинекологы қызметін атқарып, өңірдегі акушерлік-гинекологиялық көмектің стратегиялық дамуына және сапасына бағыт көрсетті.

1988–1991 жылдары Петропавлдағы I перзентханада ординатор-дәрігер болып жұмысын жалғастырды, ал 1991 жылдан бастап облыстық балалар ауруханасында акушер-гинеколог дәрігер ретінде еңбек етті.

Ауылдық дәрігер, хирург, басқарушы, наставник, облыстық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы — осының бәрін Тамара Евстафьевна абыроймен, жоғары кәсібилікпен атқарды.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан орасан зор үлесі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «В. И. Лениннің туғанына 100 жыл» медалімен, «Еңбек ардагері», «Тыл еңбеккері» медальдарымен, сондай-ақ «КСРО денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

«Тамара Евстафьевна Патютконың жарқын бейнесі әріптестерінің, науқастарының және онымен бірге еңбек еткен, араласқан барша жанның жүрегінде мәңгі сақталады. Сізге мың алғыс, Тамара Евстафьевна — еңбегіңіз, адами жылылығыңыз және медицинаға қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін. Жаныңыз жәннатта болсын», – делінген хабарламада.

Тамара Евстафьевна Патютконы ақтық сапарға шығару рәсімі 17 қараша, дүйсенбі күні, сағат 11:00-де Букетов көшесі 48, 1-ші подъезд мекенжайында өтеді. Ас беру сағат 13:00-де Студенттік асханада (Университеттің қарсы бетінде) ұйымдастырылады.

Shares