Солтүстік Қазақстан облыстық сотында жаңа судьялар таныстырылды

Солтүстік Қазақстан облыстық сотында 2025 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған судьялар таныстырылды. Кадрлық өзгерістер облыстық және өңірдегі мамандандырылған соттарды қамтыды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Президент Жарлығы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьялары болып тағайындалды:
Жұмабаева Әлия Маскенқызы — бұған дейін СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметін атқарған;
Қурынова Татьяна Борисовна — Шал ақын ауданының ауданаралық сотының судьясы лауазымынан босатылып, жаңа қызметке тағайындалды.

СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып бұған дейін Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болған Еганова Елена Владимировна тағайындалды.
Ал СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы қызметіне Макей Жанар Тоқтасынқызы келді.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Серікжан Ғабдуллин салтанатты таныстыру рәсімінде жаңа тағайындалған судьяларға табыс, кәсіби жетістік және әділдікті қамтамасыз етуде жоғары жауапкершілік тіледі.

Ол судьяларды тағайындау — өңірде заңдылық пен әділдік қағидаттарын нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
