Солтүстік Қазақстан облысы мен Татарстан цифрландыру, инновация және сауда салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде бірқатар келісімдерге қол қойды

Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Татарстанда цифрландыру, инновация және сауда салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды меморандумдар мен келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруда — яғни елдің негізгі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу ісінде — Татарстан маңызды серіктеске айналмақ.

«Цифрлық трансформация мен инновациялар саласында жетекші өңір саналатын Татарстан осы үдерісте біздің сенімді серіктесіміз болады. Ынтымақтастықты нығайту мақсатында Башир Рамиев атындағы IT-парк пен SKO hub, сондай-ақ Қазан федералды университеті мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ арасында меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер IT-саланы дамытуға, жоғары білікті кадрлар даярлауға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тараптар іскерлік серіктестіктерді дамыту мен инвестиция тартуда Татарстанның табысты тәжірибесін бейімдеуге ерекше назар аударды.

«Біз бұл тәжірибені өңірімізде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының жұмысы аясында енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, өңір кәсіпорындарының өнімдерін Қазан агроөнеркәсіптік паркіне жеткізу жөнінде келісімдерге қол қойылды. Бұл экономикалық байланыстарды нығайтып, облыстың брендтерінің танымалдылығын арттырады», — деді облыс әкімі.
Келісімдер мен меморандумдар келесі тараптар арасында жасалды:
- СҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы;
- Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен СҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы;
- «Qyzyljar» АЭА мен «Химград» АҚ;
- EMC Agro компаниясы мен «Таврос» компаниялар тобы;
- «Авагро» ЖШС мен «Гидроторг» ЖШҚ;
- Инвесторларды қолдау және инновацияларды дамыту орталығы мен «Данафлекс-НАНО» ЖШҚ;
- «Радуга» ЖШС мен «Болашақ» ЖШҚ.

Ынтымақтастықтың нақты бағыттары «СҚО – Татарстан Республикасы» атты іскерлік дөңгелек үстел мен екі өңірдің 100-ге жуық кәсіпкері қатысқан B2B-кездесу барысында талқыланды. Сонымен қатар, СҚО делегациясы Татарстанның өндірістік әлеуетін тереңірек зерделеу мақсатында «Қазан май комбинаты» АҚ, «Химград» технополисі, Башир Рамиев атындағы IT-парк және Қазан қаласының серіктес қаласы — Иннополиске барды.
