Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үйлерге көміртек тотығының датчиктері орнатылып, өрттің алдын алу шаралары күшейтілді

Жылыту маусымының басталуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әкімдік өкілдері және еріктілермен бірлесіп, өрт пен улы газдан уланудың алдын алу мақсатында рейдтер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 28 мыңнан астам үй бақылауға алынған. Әсіресе әлеуметтік жағынан осал отбасыларға ерекше назар аударылуда. Олардың үйлеріне улы көміртек тотығын дер кезінде анықтауға арналған арнайы құрылғылар орнатылуда.
«Қазірдің өзінде 1 500-ден астам көміртек тотығының датчигі орнатылды. Бұл құрылғылар қауіпті газдың шығуын дер кезінде анықтап, адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алдын алу шаралары мен құрылғыларды орнату жұмыстары жылыту маусымы бойы жалғасады. Бұл – өңір тұрғындарының қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жұмыс», – делінген СҚО ТЖД хабарламасында.
