Солтүстік Қазақстан облысының механизаторы Мұрат Қаражұманов “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістегі ерекше еңбегі мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысының механизаторы Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды QZ NEWS. Марапат Республика күніне орай берілді.
«Мамбетов және К» Командиттік серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұмановқа жоғары дәрежелі – «Отан» ордені мен Алтын жұлдыз тапсырылды.
Ол Мамлют ауданының Қаражұмановтар әулетінің лайықты өкілі. Бұл бірегей еңбек әулетінде 30-дан астам адам жұмыс істейді, жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады.
Мұрат Кеңесұлы механизаторлық абыройлы кәсіпке 44 жылын арнаған. 1981 жылы СПТУ-69 училищесін тәмамдаған соң туған ауылына оралып, содан бері кәсіби шеберліктің үздік үлгісін көрсетіп келеді. 30 жылдан астам уақыт бойы ол К-700 тракторын тізгіндеп, сүрлем ісінің нағыз майталманы атанған.
Сонымен қатар ол жас мамандарға тәлімгер болып, техника жөндеу мен күтіп-баптау ісіндегі бай тәжірибесін үйретіп келеді.
Оның еңбек жетістіктері ерекше әсер қалдырады:
– 2023 жылы ол алқаптан 34 806,8 центнер астық тасымалдады;
– 2024 жылы – 43 113 центнер;
– 2025 жылғы маусымның басында – 11 488 центнер өнім жинады.
Бұған дейін Мұрат Қаражұманов «Еңбек Даңқы» орденінің III дәрежесімен марапатталған. Биыл қыркүйек айында ол өз әулетімен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан телемостқа қосылған болатын.
Мұрат Кеңесұлы ұжымда домбыра үйірмесін ұйымдастырып, әріптестерін Абай мен Мағжанның шығармаларын орындауға баулып жүрген өнерсүйгіш азамат ретінде де танымал.
