СҚО әкімі өңірдің қысқа дайындығын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысында алдағы қысқы маусымға кешенді дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Петропавл қаласында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов коммуналдық және жол қызметтерінің, энергетика мен апаттық-құтқару бөлімшелерінің дайындығын жеке өзі тексерді, деп хабарлайды QZ NEWS.
– Басты міндетіміз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірді қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмысын және барлық салалардың қыс мезгілінде тұрақты қызметін сақтау, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жалпы биылғы қысқы кезеңге өңірде келесі шаралар қарастырылған:
• 232 жылыту пункті;
• 999 арнайы техника және 1 863 қызметкер;
• қажетті отын, реагенттер мен инертті материалдардың қоры жасақталған;
• жылыту жүйелері мен арнайы техникалардың жарамдылығы қамтамасыз етілген.
Облыс орталығында күн сайын қар тазалау жұмыстарына 170 арнайы техника жұмылдырылмақ.
Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл қар шығару қызметтері жасанды интеллект жүйесі арқылы цифрландырылуда.
– Бағдарлама техниканың қозғалыс бағыттарын, шығарылған қар көлемін және полигондардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір техника GPS-трекермен жабдықталған, ал полигондарға бейнекамералар орнатылып, бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілген. Қардың көлемін есептеу жұмыстарын жасанды интеллект атқарады, – делінген әкімдік хабарламасында.
