Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік мамандары марапатталды

СҚО-да әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік мамандары марапатталды

October 30, 2025 12:10

Петропавлда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл кәсіби мереке 2011 жылы Президент Жарлығымен осы сала мамандарына құрмет көрсету мақсатында белгіленген болатын. Іс-шара барысында әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік, облыстық және кәсіподақтық наградалармен марапатталды. Қатысушыларды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов құттықтады, деп хабарлайды QZ NEWS.

Нұрлан Кеңесовтың айтуынша, әлеуметтік қорғау саласының мамандарының еңбегі тек кәсіби біліктілікті ғана емес, сонымен қатар «жүрек жылуын, зор сабырлылық пен жанашырлық қабілетін» талап етеді.

– Бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту саласында трансформация жүргізіліп жатыр. Онлайн-платформалар дамып, процестер автоматтандырылуда. Бұл азаматтарға заманауи цифрлық қызметтерге еркін қол жеткізуге мүмкіндік берді. Табысы төмен азаматтарды қолдау шаралары белсенді түрде жалғасуда. Биылдың өзінде 3 600-ден астам азаматқа жалпы сомасы 300 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, мұқтаж жандарға әлеуметтік көмектің 29 қосымша түрі ұсынылады. Биыл бұл көмекті 1,3 миллиард теңге көлемінде шамамен 20 мың адам алды. Облыс аудандарында және Петропавлда отбасын қолдау орталықтары ашылуда. Олардың негізгі мақсаты – отбасы мен некені сақтау, жанұялық жанжалдарды шешу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Алты әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жасанды интеллект жүйесі енгізілді, ол қызмет алушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуына да айрықша көңіл бөлінуде. Биыл олардың оңалту шараларына 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 мыңнан астам техникалық құралдар мен қызметтер ұсынылды, – деді Нұрлан Кеңесов.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтай Сейітовтің айтуынша, өңірдің әлеуметтік қорғау жүйесінде шамамен үш мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың азаматтарға жеке көмек көрсету және қиын жағдайдан шығуға жәрдемдесу ісіндегі рөлі ерекше маңызды.

Салтанатты шара аясында 27 үздік маман марапатталды. Оның 15-і облыстық және республикалық деңгейдегі наградаларға, соның ішінде «Еңбек ардагері» медаліне және «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Тағы 12 қызметкер салалық республикалық кәсіподақтың медальдарымен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Еңбек ардагері» медалімен марапатталғандардың бірі – Уәлиханов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлзат Жұматаева Нурушкина. Ол бұл салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Еңбек жолын зейнетақы таратушы ретінде бастаған. Бұл оның еңбек жолындағы алғашқы медалі.

– Әлеуметтік сала өзіме ұнайды, себебі бұл жерде мейірімділік пен жанашырлық қажет. Көмек сұрап келген әр адамды жылы жүзбен қарсы алып, оларды риза көңілмен шығарып салу керек. Адамдар өздерінің жалғыз еместігін, біз оларға көмек көрсете алатынымызды сезінсе деймін. Мені марапаттайды деп күтпедім, еңбегімді бағалағандарына өте қуаныштымын, – деді Гүлзат Нурушкина.

Шара соңында күнделікті еңбегінде адалдық пен жауапкершілік танытып жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтті.

Shares