СҚО-да жастарға есірткі таратушының ісі бойынша көрсетілім сот отырысы өтті

Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында сот процесі ұйымдастырылды. Оған жергілікті жастар мен пробациялық бақылауда тұрған тұрғындар шақырылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Сот алдында – 29 жастағы ер адам. Ол «қосымша табыс табу» мақсатында синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан. Полиция қызметкерлері оны маусым айында «спайс» есірткісінің дозасын сату кезінде қолға түсірген.

«Полиция қызметкерлері оны маусым айында «спайс» есірткісін сату кезінде ұстады. 6 қарашадағы сот үкімімен оған 5 жыл бас бостандығынан айыру және ішімдіктен мәжбүрлі ем алу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Сот отырысынан кейін судьялар, прокурорлар және полицейлер жас көрермендермен «дөңгелек үстел» өткізіп, түрлі заңсыз әрекеттердің құқықтық салдары туралы әңгімеледі», – делінген СҚО ПД хабарламасында.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Петр Климов жастарды «жеңіл ақша» уәдесіне сенбеуге шақырды.

«Әлеуметтік желілердегі «тартымды» жарнаманың немесе мессенджерлердегі «жоғары табыс әкелетін» ұсыныстың артында есірткі саудасын ұйымдастырушы не интернет-алаяқ тұруы мүмкін… Екеуі де мол табыс пен «толық қауіпсіздік» уәде етеді. Бірақ олардың «жұмысының» соңы – сот залы мен «Қазақстан Республикасы атынан…» деген сөздерден басталатын үкімнің жариялануы», – деп атап өтті полковник Климов.
