СҚО-дағы орман шаруашылығының 33 қызметкері мемлекеттік дерекқорда ресми есепке алынбаған

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінде еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізді. Тексеру барысында қызметкерлерді рәсімдеу мен бюджет қаражатын пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар елеулі заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Анықталғандай, орман шаруашылығы мекемелерінің лауазымды тұлғалары 33 қызметкердің еңбек шарттары туралы мәліметтерді Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне (БЕШЕАЖ / ЕСУТД) енгізбеген. Бұл Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін тікелей бұзу болып табылады, себебі азаматтардың еңбек өтілін растау мүмкіндігінен айырып, әлеуметтік кепілдіктердің заңды түрде рәсімделу құқығын шектейді.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, еңбек шарттарын тіркеудегі олқылықтардан бөлек, жалақыны негізсіз есептеу фактілері де анықталған. Жекелеген мекемелерде жұмыс уақыты дұрыс есепке алынбаған: қызметкерлерге нақты жұмыс орнында болмаған күндері үшін еңбекақы төленген. Сонымен қатар жалақы сол кезеңде Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған адамдарға есептелген жағдайлар да тіркелді. Мұндай әрекеттер мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына әкеп соққан.
Прокуратураның араласуы нәтижесінде 33 қызметкердің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың деректері БЕШЕАЖ жүйесіне толық көлемде енгізілді. Бұл оларға еңбек қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуге кепілдік береді. Негізсіз төленген жалақы сомалары толық көлемде бюджетке қайтарылды. Тексеру қорытындысы бойынша 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау және бюджет қаражатының заңды пайдаланылуы мәселелері тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
